Сіздің денсаулығыңыз Сізге қаншалықты маңызды? Өз денсаулығыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз? Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың мамандары журналистерге арнап ашық есік күнін өткізді.
Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен өткізілген жиынның мақсаты – онкологиялық аурулар мәселесіне қоғамның назарын аудару, оның алдын алу және ерте кезеңінде анықтау, БАҚ арқылы тұрғындарды ақпараттандыру мен скринингтік тексерудің қажеттілігін түсіндіру болып табылады. Баспасөз маслихатында алғашқы болып сөз сөйлеген аталмыш клиника директоры, Бас дәрігер Олжаев Саяхат Таурбекұлы скринингтен өтудің маңыздылығын түсіндіріп ғана қоймай, қатерлі ісікпен ауратындар үшін халық емінің қауіпті екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда рак ауруының таралу көрсеткіші бойынша бірінші орында сүт безі, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында тері обыры, төртінші орында асқазан обыры, тоқ ішек және жатыр мойны обыры тиісінше 5-6 орында тұр. Жалпы қатерлі ісік түрлерінің көбеюі жалғыз біздің елімізге ғана емес, бүкіләлемдік сипатқа ие. Ал гинекологиялық қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрлері: жатыр мойны обыры, аналық без обыры екен.
Онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған онколог мамандар, тұрғындардың өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтындықтарын айтып, дабыл қағуда. «Ауруды ең бастапқы сатысында анықтау жақсы нәтиже береді. Бұл сатыда емдеудің тиімді жолдарын қарастыруға болады. Науқастың диагнозы неғұрлым бастапқы сатысында анықталса, оның құлан-таза айығып кету мүмкіндігі де соған байланысты»,- дейді, Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары Шалбаева Раш Шарипбайқызы.
Дәрігерлер аты жаман ауру жаһандық мәселе болып келе жатқандығын және оған назар аудару қажеттігін еске салады. Соған орай, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында 25 қаңтар Ашық есік күні болатынын хабарлаймыз.
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Демченко көшесі, 83.