Кеше, 3 шілдеде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жақтастары Бішкекте наразылық шеруін өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті.
Наразылық акциясына қатысқандардың айтуынша, Қырғызстанның қазіргі президенті 2017 жылы сайлау кезіндегі берген уәделерін орындамаған.
Сондай-ақ, митинг барысында арнайы резолюция қабылданды. Онда "Заңдардың сақталуы туралы үндеулердің артында заңсыздықтар тұр; өтірік пен жалғандық мемлекет саясатының құралына айналды. Азаматтардың құқығы бұзылып, аяққа тапталды. Елді Жээнбеков-Матраимовтардың отбасылық-кландық режимі билеп отыр", делінген.
Бұдан бөлек, ереуілшілдер бірқатар талаптар қойды: заңсыздықты тоқтату, үкіметті отставкаға жіберу, құқықтық қорғау органдарының, бас прокуратураның, ІІМ басшыларын өзгерту және де сотталған саяси белсенділерді босату.
Жоғарыда аталған талаптарды орындауға қазіргі президент Жээнбековке екі ай уақыт берілді. Орындалмаған жағдайда, халықтық штабқа ел президенті мен парламентін отставкаға кетуін талап ету мақсатында бүкіл ел аумағында наразылық шараларын өткізу тапсырылды.