Венесуэла Президенті Николас Мадуро мемлекет өзінің сыртқы қарыздарын өтеуге қабілетсіз екендігін хабарлады. Мемлекеттік арнадан сөйлеген сөзінде ел Президенті инвесторлармен сыртқы қарызды төлеу уақытын шегеру немесе оның көлемін азайту бойынша келісімдерге келуге тырысатынын жеткізді. Бұл туралы CNN Money жазды.
PDVSA мемлекеттік мұнай компаниясы осы аптада өз қарыздарының 1,1 млрд долларын қайтарды. Венесуэланың Ұлттық банкінде қалған қаржы көлемі 10 млрд доллар екенін ескерсек, экономикалық және саяси дағдарыстағы ел үшін мұның өте үлкен ақша екенін аңғару қиын емес.
Венесуэлада сонымен қатар гуманитарлық дағдарыс та өршіп тұр. Халықтың басым бөлігі күнделікті өмір сүруге қажетті қарапайым заттарды сатып алу мүмкіндігінен айырылған. Ұлттық валюта боливардың құны АҚШ пенниінің оннан бір бөлігіне тең дәрежеге дейін арзандаған.
Егер Николас Мадуроның Уолл-стрит инвесторларымен келіссөздері сәтсіз аяқталса, елді дефолт күтіп тұр. Қарыз беруші тараптар мемлекеттің жалғыз табыс көзі болып отырған мұнайын бақылауға алуды талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайда халық мұнайдан түсетін ақшаға сатып алынатын тамақ пен дәрі-дәрмектен қағылады. СNN Money тілшілері Венесуэла Үкіметінің тиімсіз басқаруынан елді ауыл шаруашылық саласы толықтай күйреп, қазір мемлекет барлық азық-түлік өнімдерінің барлық түрін импорттайтын жағдайға жеткенін жазады.
Қарыз беруші инвесторлармен келісу оңай шаруа емес. Мәселен, Аргентина өзінің сыртқы қарыздарын шеше алмай АҚШ-тың соттарында 15 жыл жүрді. Осы уақыт аралығында халықаралық қаржы нарықтарына кіру құқығынан айырылған Аргентинаның экономикасы құлдырады. Қос тараптың қарым-қатынастары Аргентинаның Үкіметі ауысқан 2016 жылы ғана реттелді.