Венесуэланың президенті Николас Мадуро Түркияға сапарлай барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Бұл туралы сол елдің «Анатолы» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Саяси толқулар мен ішкі-сыртқы қат-қабат қысымда қалған Венесуэла басшысы Мадуро тығырықтан шығар жол іздеуде. АҚШ пен Еуропаның және бірқатар көршілес елдердің санкция қысымына ұшыраған Венесуэланың жағдайы мәз емес. Сол үшін Мадуро шығар жолды алыс Азия құрлығынан іздеп отыр. Осыдан бұрын Ресей, Қытай басшыларымен кездескен ол Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммиті кезінде Астана қаласына да келіп қайтқан еді.
Бұл жолғы Түркия сапарында Ердоған мен Мадуро екіжақты қатынасты жақсартуды қолға алды. Әсіресе энергетика мен сауда-саттық саласында белсенді серіктес болу мәселесін талқылады. Екі елдегі әлеуметтік-саяси жағдайлар жөнінде пікір алмасты. Мадуро бастап келген делегация мүшелері, соның ішінде Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Түркия СІМ басшысымен де кездесіп берік дипломатиялық келісімдерге қол жеткізді.