Қытай үкіметі хабарлама жариялап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын орындау үшін, Солтүстік Кореяға бағытталған мұнай экспортын қысқартатын болды. Бұл Солтүстік Кореяның экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлаған.
Қытай Сауда министрлігі 22 қыркүйек күнгі берген мәліметінде "2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр жылы Солтүстік Кореяға экспорттайтын мұнайдың көлемін 2 млн баррельден асырмайтынын" айтқан. Сонымен бірге, КХДР-ға сұйытылған табиғи газ экспортына толықтай тыйым салатындарын жеткізген. Тиым салу шарттарының ішінде Қытайға Солтүстік Кореядан кіретін тоқыма бұйымдары да қамтылған. Ал, Солтүстік Кореядан импортталатын көмірге эмбарго КХДР экономикасы үшін ауыр соққылардың бірі болмақ.
АҚШ ресми өкілдерінің сөзіне сенер болсақ, өткен бір жылдағы Солтүстік Кореяның тоқыма бұйымдарын экспорттаудан тапқан табысы 760 млн АҚШ доллары болды деп есептеген. Соңғы БҰҰ санкциясында бұл елдің тоқыма бұйымдарының экспортына шектеу қоймаған болатын.
Жалпы Қытай үкіметі Солтүстік Корея режиміне қатер төнуін қаламайды. БҰҰ Қауіпсіздік ұйымына Трамп үкіметі алғаш ұсынған санкция жобасында Солтүстік Кореяның мұнай экспортын толықтай шектеу талабы бар еді. Қауіпсіздік кеңестің талқысынан бұрын АҚШ пен Қытай және Ресей өкілдері бұл жоба туралы көп рет кеңес өткізген. Соңында Қытай мен Ресей өкілдерінің ұсынысымен мұнай экспортын бүтіндей шектеуді алып тастап, жылына 2 млн баррель мұнай сатып беруге өзгертті. Осыдан кейін ғана Қытай жақ КХДР-ға бағытталған жобаны мақұлдады.
БҰҰ ұйғарымын орындап отырған күнде де Қытай үкіметі тікелей Солтүстік Корея режимінің құлдырауына әкелуі мүмкін бастамаларға бара бермейді. Өйткені, Солтүстік Кореядағы саяси жағдай өзгергеннен кейін, солтүстік Қытайға босқындардың үлкен ағымы әсер етеуі мүмкін және аймақтағы биліктің теңгерімін бұзылуынан алаңдайды.