Пәкістан әскерлері Үндістанның екі хабарласу базасын талқандап, 4 әскерін атып өлтірді. Бұл туралы 10 шілде күні тәңертең Пәкістан медиалары хабарлады, деп жазады АҚШ-тың news.sinovision.net сайты. Оқиға 9 шілде күні болған.
Пәкістан үкіметі бұдан бір күн бұрын «Үндістан әскерлері екі ел арасындағы шекара сызықтан аттап кірді» деп қатаң айыптап ескерту жасаған. Сондай-ақ, "Үнді елінің мұнысы ашық әшкере отаршылдық әрекет, біз өз халқымыздың амандығы үшін осы қадамға бардық" деп мәлімдеме жариялаған.
Осы елде тұратын Халықаралық апатты жағдайларды бақылау мекемесінің хабарына қарағанда, 2017 жылдың басынан бері осы секілді қақтығыстардан Пәкістан территориясының ішінде 18 адам өліп, 105 адам жараланған екен.
Пәкістан мен Үндістан арасында ұзақ жылдардан бері шешілмей келе жатқан ірілі-ұсақты қақтығыстар жетерлік. Десе де, бұл көрші елдердің бір-біріне ашық оқ атуы, әсіресе, Пәкістан жақ "еліміздің шекарасына басып кірді" деп қатаң айыптап әскери қадамға барғаны, аталмыш қайшылықты одан ары үдететін бастама болуы да мүмкін. Себебі, Пәкістаннің Қытаймен өте тату-тәтті достығының тереңдегенін ескерсек, ендігі мәселе алпауыт елдер арасында туындамасына кім кепіл?!
Әділет Ахметұлы