Шыңжаңдағы туысын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, ұзақ уақыттан бері наразылық өткізіп жүрген Алматы тұрғыны Фарида Қабылбектің күйеуі Зейнолла Рақыжан 9 сәуірде таңертең Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келді. Әуежайда оны отызға жуық адам күтіп алды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады. 

Азаттықтың мәліметінше, Рақыжанды кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарған. Бұған жұрт наразы болған. Рақыжан жиналған жұрқа "Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді" деп айтқан.

Рақыжан Азаттық журналисінің "Сізге келер алдында Қытай тарабынан қандай да бір ескерту жасалды ма?" деген сұрағына "жоқ" деп жауап берген.

Азаттықтың мәліметінше, 58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, "тыңшы" деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан. Бір ұл, бір қызы бар.

"The Qazaq Times"