18 тамызда «Кабар» агенттігіне сұқбат берген Садыр Жапаров бұл пансионаттарды 2016 жылы сол кездегі үкімет басшысы Темір Сәриев шешімімен өзбек жағынан тартып алғанын, мұндай шешімді популизм деп есептейтінін айтты. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
«Сол кезде мұрағат құжаттарын тексеріп, ол нысандардың болашағы туралы ойлану керек еді. Халықаралық сотта жеңіліп қалмайтынымызға кепілдік бар болса, шешімді құптар едім» дейді Қырғызстан президенті. Жапаров Өзбекстан халықаралық сотқа шағымданып, 65 млн доллар шығынды өтеуді талап еткенін ескертті.
«Биыл мамырда сот шешімі шықты. Онда қырғыз жағы 40 миллионнан астам доллар төлеу керектігі айтылған. Біз өзбек жағымен келіссөз жүргізіп, оларды 49 жылға жалға беруге келістік. Олар нысандарды төрт-бес жұлдызды қонақ үй секілді жаңартады. Біздің талап етіп отырған ақшаны төлеуге жағдайымыз жоқ» дейді Садыр Жапаров.
Бұған дейін Ыстықкөл жағалауында орналасқан "Дилором", "Алтын құм", "Рохат" және "Бустон" пансионаттары Өзбекстан басқаруына өтетіні хабарланған.