Таразда Қаңтар оқиғасы бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың апелляциялық соты басталды. Істе Жұмановтан өзге бес азамат – Айбол Сағынтай, Нұрахан Махатов, Жақсылық Абдуллаев, Дәурен Нұралиев және Қанат Нұраханұлы бар.
Істі Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьялары Абидов Н.М, Нұрлықұлов Г.К және Төлесбай С.Н қарауда.
Сотталушылар – Ербол Жұманов, Айбол Сағынтай, Нұрахан Махатов, Жақсылық Абдуллаевтың ешқайсысы сот залына жеткізілмеді. Адвокат Жалғас Сапарханова мен Абдулқасымов қамаудағы Ербол Жұманов пен Нұрахан Махатовты сот залына жеткізілуін талап етті. Өзге адвокаттар да өтінішті қолдады. Бірақ судья Абидов өтінішті қанағаттандырмады.
Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұманов алдағы уақытта өтініш-талаптары орындалмаса судьяға сенімсіздік (отвод) білдіретінін айтты.
Прокуратура төменгі сот инстанциясының үкімі бойынша жазасын толық өтеуіне байланысты сот залынан босатылған Дәурен Нұралиев пен Қанат Нұраханұлының жазасын ауырлатуды сұрап, сотқа қарсылық өтініш хатын түсірген.
Ержан Жұманов апеллцяциялық соттың да түсініксіз өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, інісі Ербол Жұмановтың шағымдары қараусыз қалуда.
– Сотталушыларды мына сотқа қатыстырмай отыр. Неге екенін білмеймін. Інімнің абақтыда отырғанына 17 ай болды. Өзінің қарсылығын білдіріп отыр. Жанайқайын жеткізе алмай жатыр. Айтпаған жері қалмады. Әділдік бар ма өзі бізде. Заң жүре ме, жүрмей ме түсініксіз болып жатыр. Өзіне қол жұмсап жатыр. Ешқандай әрекет жасамай жатыр. Сот залына алып келіп, сотталушылардың өздері қатысса, өйткені солардың тағдыры шешіліп жатыр, – деді Ержан Жұманов.
N67 тергеу изоляторында жатқан Ербол Жұманов бұған дейін жасалып жатқан қысым мен әділетсіз сот шешіміне қарсылық білдіріп, өз-өзіне қол жұмсап, ішін тілген. Ержан Жұмановтың сөзінше, тергеуде мүдде қайшылығы бар. Сол себепті де тергеу тарапы қорыққаннан сотталушыларды процеске қатыстырмауда.
– Олар қорқады деп ойлаймын. Былықтың барлығы шығып кете ме дейді. Барлығын жасырып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті істе өзі жәбірленуші бола тұра, өзі тергеген. Істі бұрмалау қолдарында тұр, – деді ол.
Адвокат Жалғас Сапарханова тергеу толыққанды жүргізілмей сотқа берілгенін және соған қарамастан бірінші сатыдағы сот үкім шығарғанын айтты.
– Оқиға болған жер толық зерттелмеген. Тергеп-тексеру органымен тергеу әрекеттері толығымен жүргізілмеген. Бұл жерде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының нормалары бұзылса да, іс бірінші сатылы сотқа берілген. Бірінші сатылы сот бұған көз жұма қарап, заңсыз, негізсіз сот үкімі шыққан. Яғни аталған сот үкіміне апелляциялық шағым беріп отырмыз. Қазір тергеу изоляторында отырған төрт азаматтың бірде-біреуін сотқа алдыртқан жоқ. Біздің осыған байланысты өтінішімізді қанағаттандырған жоқ, – деді адвокат.
Сотта Жалғас Сапарханова сот алқасына бірнеше өтініш хат түсірді. Оның ішінде тергеушілер назарынан тыс қалып қойған, оқиға орнынан алынған оқ дәрілерді іске тіркеу, істе тіркелген видеоға бейне-техникалық сараптама жасау, телефонға жасалған детальизацияны қайта жасау сияқты талап-өтініштер бар.
Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұманов бірінші сатыдағы сот кезінде де іске тіркелген видео монтаждалғанын, бейнеде көрсетілген уақыттар әртүрлі екенін айтқан. Бірақ сот оны қараусыз қалдырған.
28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Ербол Жұмановты 16 жылға, Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан.
Судья үкім оқып жатқан уақытта Ербол Жұманов наразылық білдіріп, тағылған айыппен, шығарылған үкіммен келіспейтінін, қысым көріп, соққыдан қабырғасы сынғанын айтқан.
– Түрмеде өлуім керек болса дайынмын. Тек мына бассыздық тоқтасын. Қинап жатыр, ұрып жатыр, қанша қабырғамды сындырды. Соның біреуін айтпай отырмыз… Бұларға қан керек. Бұл жолы бір-екі адам кетерміз. Келесі жолы бұлар қанша адамды соттайды. Тоқтамайды бұлар, – деді ол.