Қазақстанның түрлі аймағында 1 мамырда митинг өткізу туралы өтініш беріліп жатқан кезде Ақтауда азаматтық белсенді Ұлбосын Тұрдиева 20 тәулікке қамалды. #БелсенділерЭкстремистЕмес телеграм-арнасының хабарлауынша, сот шешіміне келіспеген белсенді аштық жариялаған. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
Азаттық тілшісі әзірге белсенді отырған уақытша қамау изоляторынан жауап ала алмады.
Сот оны "жала жабу" бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Sud.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, істі судья Аида Аташева қараған. Әзірге порталға сот шешімі жарияланған жоқ.
#БелсенділерЭкстремистЕмес телеграм-арнасының хабарлауынша, шамамен екі ай бұрын белсенді тікелей эфирге шығып, "Z" белгісі бар (Ресейдің Украинадағы соғысының белгісі) дүкен иесінің үстінен шағым түсірген. Өз кезегінде дүкен иесі де Тұрдиеваның үстінен шағым түсіріп, оны жала жапты деп айыптаған. Ізінше әкімшілік іс қозғалып, сол іс бойынша белсенді әкімшілік қамауға алынды. Телеграм-арнаның жазуынша, полиция Тұрдиеваның шағымын қараусыз қалдырған.
Ал дүкен иесі Нұрай Досмұхамедова Азаттыққа Aizere атты дүкенінің логотипі 16 жылдан бері тұрғанын, дүкен атауының "соғысқа еш қатысы жоғын" айтып, белсенді "мені қаралады" деді.
Қазақстан аймақтарында белсенділер 1 мамырда митинг өткізуге өтініш беріп жатқанда, Павлодарда сот белсенді Емберген Құрмановты бейбіт митинг ережесін бұзды деген айыппен 15 күнге қамаған. Бұған дейін бірқатар аймақта белсенділер жергілікті әкімдік бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермей жатқанын хабарлаған. Әкімдіктің ресми жауаптарында 1 мамырда "басқа шара өтетіні" жазылған.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық және құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.
Қазақстан билігі елде азаматтарды саяси белсенділігі үшін қудалайтынын мойындамайды.


















Атыраудың субсидиясы, Алматының актісі: Алмасбек Садырбай ісіндегі заңсыздықтар
Қонаев сотындағы текетірес: 187 томдық жұмбақ, «заңсыз қамау» дау, судьяға екінші мәрте отвод
Косметикалық жаңару әдеті: «Аманат» пен «Әділетті» қауышуы – саяси жаңару ма, әлде номенклатуралық камуфляж ба?
Ормуз дағдарысы және көпполярлы әлемнің тууы: «Қырғи қабақ соғыстан» да қауіпті жаңа текетірес
Ашық соттағы «көлеңке»: Алмасбек Садырбай ісінде жауапсыз қалған сұрақтар көбейіп барады
Алмасбек Садырбай ісі: Қонаев сотында БАҚ-қа қойылған шектеу күшінде қалды