Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ-ны Әзербайжанмен соғыста Арменияны қолдаудан бас тартқаны үшін сынады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
23 қарашада Еревандағы ҰҚШҰ саммитінде сөйлеген Пашинян "Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігі Әзербайжанды басқыншы әрекетінен бас тартқыза алмағаны" қапаландыратынын айтты. Оның сөзінше, бұл ел ішінде және сыртта "ҰҚШҰ-ның беделіне нұқсан келтірген".
Армения қыркүйек айында Әзербайжанмен қақтығыстан кейін ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған, бірақ ҰҚШҰ аймаққа тек бас хатшысын жіберетінін айтып, жағдайды талдайтын жұмыс тобын құруды ұсынған.
2002 жылы қазанда құрылған ҰҚШҰ-ға алты мемлекет: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мүше.
Пашинянның айтуынша, биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымнан көмек сұраған кезде бірден қолдағанын айтқан.
"Арменияның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аяқталып келеді. Бұл кезең оқиғаларға толы болды: біз Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қоюға 30 жыл толуын, ҰҚШҰ құрылғанына 20 жыл толуын тойладық. Бірақ көңіл-күйіміз мерейтойдағыдай емес. Кейінгі екі жылда ҰҚШҰ мүшесі Армения кемінде үш рет Әзербайжан басқыншылығына (өз кезегінде Әзербайжан Арменияны басқыншылық жасады деп айыптайды – ред.) тап болды. Әлі күнге дейін осы оқиғаға байланысты ҰҚШҰ-ның реакциясы жөнінде ортақ шешімге келе алмадық. Бұл ҰҚШҰ-ның беделіне орасан нұқсан келтіреді" деді Пашинян.
23 қарашада Пашинян саммит аясында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Тараптар екі жақты қарым-қатынас пен аймақ мәселелерін талқылады.
Ақпаратқа қарағанда, кездесу алдында Пашинян ҰҚШҰ-ның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша консенсусқа келе алмағанын айтты.
Саммит барысында Пашинян сонымен бірге "Арменияға көмек көрсету бойынша ортақ шаралар" туралы құжаттар жобасына қол қоюдан бас тартты. Оның пікірінше, құжат Әзербайжанмен қақтығыста Ереванның алаңдаушылығын назардан тыс қалдырған.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ҰҚШҰ "аймақтық қақтығыстарды реттеуде сұранысқа ие ұйым" деді.
"Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісімге келуі өте маңызды. Бұл басты міндет. Бәріміз оған бар күшімізді салуымыз керек" деді Песков
Саммитте Ресей президенті Владимир Путин Ресей, Армения және Әзербайжан басшыларының 31 қазанда Сочиде кездесуі және ортақ мәлімдеме жасауы Ереван мен Баку арасындағы болашақ келісімдердің іргетасы іспеттес қызмет атқарады деді.
Путин Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты шекараны белгілеу туралы келісімді бірізді жүзеге асыру және көлік қатынасын қалпына келтіру, гуманитарлық мәселелерді шешу арқылы ғана жақсартуға болады деді.
Саммит қарсаңында Ереванда жүздеген белсенді митинг өткізіп, Арменияны ҰҚШҰ-дан шығаруды талап етті. Арсында Ресей басқыншылығын айыптағандар да болды.