Украинаға басып кіру әрекетіне қарсылық білдірген Ресейдегі Батыс компаниялары жұмысын тоқтатты немесе елден шығатынын мәлімдеді. Бұған қарсы ресейлік жоғары лауазымдылар елден шығатын компаниялардың активтерін мемлекет меншігіне аламыз деп қорқытты. Бұл әрекет шетелдік компанияларда жұмыс істейтін миллиондаған ресейліктердің жұмысын уақытша сақтап қалуына көмектеседі, алайда жүздеген компания ауыр зиян тартпақ.
Йель университеті Менеджмент институтының дүйсендіде жариялаған статистикалық мәліметіне сәйкес Ресейден шығатынын мәлімдеген шетелдік компаниялар саны 375-ке жеткен. Бұлардың арасында Ресейден толықтай қол үзген компаниялар да, жұмысын уақытша тоқтатқан компаниялар да бар.
Ал, Ресейлік және бірқатар шетелдік ақпарат құралдарының хабарында, Ресей прокурорлары ондаған батыстық компанияларға хабарласып, егер олар елден шыққан жағдайда өндіріс орындары, кеңселер және сауда белгілері сияқты зияткерлік меншікті қамтыған компания активтерін үкімет тәркілеуі мүмкін екенін ескерткен.
Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путин де Батыс компанияларының активтерін тәркілеу туралы бастаманы қолдайтынын білдірген. Атадған ұсынысты елдегі негізгі саяси партия саналатын «Единая Россия» жетекшілері алға қойған. Олар ұсынған жоба бойынша Батыс компанияларының активтерін тәркілеумен шектелмейді, Ресей саясатына қарсы тұлғаларды тұтқындауды да көздеген.
АҚШ президентінің администрациясы (Ақ үй) өткен аптада Мәскеу мұндай шешімін заңсыз әрекет деп бағалап, сондай қадамға баратын болса қосымша санкция немесе заңдық шаралар қолданылуы мүмкні екенін ескерткен.
Егер, Ресей үкіметі расында осындай қадамға барса, бұл көптеген ірі корпарацияларға зиян алып келуі мүмкін. Оның үстіне тарихта шетел компанияларын тәркілеп, авктивтерін тартып алу әрекеттері Иран, Куба секілді елдерде болған.
Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, Ресей билігі бұндай шешімді қабылдаған күнде де оны жүзеге асырудың нақты механизмінде қиындықтар бар деп санайды. Айталық, кейбір кәсіпорындар шетелдік болып саналғанымен, оны басқарып отырған билікті жақтаушы ресейлік қалталылар немесе олигархтар болуы да мүмкін екенін айтады.