Сүрияда Ресейдің келісім-шартпен істейтін екі әскери қызметкері - 41 жастағы Алексей Сафонов пен 46 жастағы Владимир Плутинский қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап, "Орталық Азия хабар қызметі" жазды.
Сафонов қазасын Reuters агенттігіне оның туыстары жеткізген, олар Алексейдің наурыздың ортасында көз жұмғанын хабарлаған. Бұған дейін Сафонов Украинаның шығысында ресейшіл жікшілдер жағында соғысқан. Плутинский ақпан айында Пальмира үшін шайқаста қаза тапқан.
Reuters мәліметі бойынша, қаңтар айының аяғынан бастап наурыздың аяғына дейін Пальмира үшін шайқаста 21 ресейлік жауынгер қаза тапқан, бұл Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметінен төрт есе көп.
Ресейдің Сүриядағы әскери операциясы басталғалы бері 28 азамат қайтыс болғаны ресми түрде хабарланды. БАҚ мәліметтері бойынша, қаза тапқандар арасында "Вагнердің жекеменшік әскері компаниясының" жауынгерлері бар.
“The Qazaq Times”