Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков "Құмтөр" ісінде куәгер ретінде тергелді. Бұл туралы Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне сілтеме жасаған Азаттық радиосы хабарлады.
Арнайы қызмет мәліметі бойынша, сауалдар Жээнбеков премьер-министр қызметін атқарған уақытқа қатысты болған. Комитеттің хабарлауынша, Сооронбай Жээнбековті тергеу әлі аяқталған жоқ.
Жээнбеков 2016 жылғы сәуір мен 2017 жылғы тамыз аралығында Қырғызстанның премьер-министрі қызметін атқарды.
"Құмтөр" алтын кеніндегі жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында парламенттің бұрынғы спикері Асылбек Жээнбеков (Сооронбай Жээнбековтің бауыры), экс-премьер Өмірбек Бабанов, бұрынғы депутаттар Исхак Пирматов, Торобай Зулпукаров және Талантбек Узакбаев, Алмазбек Атамбаевтың парламенттегі бұрынғы өкілі Данияр Нарымбаев, экс-депутат Алмазбек Баатырбеков ұсталды. Үкіметтің парламенттегі бұрынғы өкілі Динара Молдошева ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босады. Сонымен бірге бұрынғы вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев пен бұрынғы премьер-министр Темір Сариев ұсталды.
Тергеумен келісімге отырған экс-депутаттар Алмазбек Баатырбеков, Талантбек Узакбаев, Исхак Пирматов, сонымен бірге бұрынғы бірінші вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев үйқамаққа ауыстырылды.