Жаңаөзендегі "KMG EP-Catering" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің АBUEV GROUP аутсорсинг мекемесі жұмысшыларының ереуілі төртінші күнге ұласты. Бұл жайлы Азаттық радиосы хабарлады. 

Сайт мәліметінше, өздерін тұрақты жұмысқа алуды талап еткен аспаздар, еден жуушылар мен жүкшілер төрт күннен бері жұмысқа шықпай тұр. Маңғыстау облысында "Емир-ойл" мекемесінде де ереуіл басталған.

АBUEV GROUP аутсорсинг мекемесі жұмысшыларының бірінің айтуынша, өткен сенбіде билік пен жұмыс беруші араласқан келісім комиссиясы ортақ шешімге келе алмаған.

"Бізге өзіміз талап еткен "Өзенмұнайгаздың" нақты аутсорсинг мекемесінің және "KMG EP-Catering" компаниясының атауы нақты көрсетілмеген хаттама ұсынып, "қол қойыңдар да, жұмысқа шыға беріңдер" дейді. Сондай шешім бола ма? Біз келіспедік. Енді проблеманы шешудің орнына талап қойғандарды бір-бірден қорқытып, "мүлдем жұмыссыз қаласың" деп қысым жасап жатыр" деді аты-жөнін айтпауды сұраған ереуілшілердің бірі Азатық радиосына.

Олардың айтуынша, жыл сайын "KMG EP-Catering" өткізетін тендерді әр түрлі мекемелер жеңіп алып, демалыссыз мардымсыз жалақы береді.

"Биылғы тендерді 2023 жылға дейін АBUEV GROUP жеңіп алып отыр. Бірақ біз еңбек жағдайы жасалмаған, аз жалақымен (70-100 мың теңге) жұмыс істеуден шаршадық. Ел қатарлы төленетін демалыс алып, отбасымызға асырай алатын табыс тапқымыз келеді" дейді жұмысшы.

Ереуілшілердің сөзіне қарағанда, "Кендірлі" демалыс аймағындағы осы мекеменің 20 шақты жұмысшысы да жұмысқа шығудан бас тартып отыр.

"KMG EP-Catering" - "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі. Онда жалпы саны мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның Жаңаөзендегі бөлімшесінде 300-ге тарта жұмысшы бар.

Компания Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, "Кендірлі" демалыс аймағында демалушылар мен мұнайшыларға қызмет көрсету, мұнай кен орындарында тазалық жұмыстарын жүргізу, "Өземұнайгаздың" барлық өндірістік бөлімшелерін, асханаларына шаруашылық тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады.

"The Qazaq Times"