Прагада Беларусь оппозициясының өкілдігі ашылады. Бұған дейін оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская Чехияда осы тақырып бойынша кездесу өткізген.
Еуропаның соңғы диктаторы атанған Александр Лукашенко режимі оппозиция өкілдерін өз елінде аяусыз қуғындап, қысым көрсетіп келеді. Сол себепті билікке наразылар батыстан көмек сұрауға мәжбүр.
Қазір Беларусь оппозициялық тобының өкілдіктері Польша мен Литвада бар. Чехия сыртқы істер министрі Якуб Кульганек өзінің Twitter парақшасында: «Белорус оппозициясы Чехиядан қолдау көрді және көреді», – деп жазды.
Былтыр 9 тамызда Лукашенконың сайлауда жеңіске жеткені хабарланғаннан кейін елде наразылық өршіді. Наразылар сайлау кезінде жаппай дауыс ұрланғанын алға тартты және оппозиция кандидаты, Светлана Тихановская жеңді деп санайды. Наразылықтар кезінде 30 мыңнан астам адам ұсталды. Үкімет қатаң жазалау шаралары кезінде мыңдаған адамды ұрып-соғып, азаптады.
Еуроодақ және АҚШ, одан өзге елдер Беларусьтегі президент сайлауының ресми нәтижесін мойындаудан бас тартқан. Олар Лукашенконы ел басшысы деп санамайды.