Вашингтон Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливан мәлімдеді.

Саясаткер АҚШ кез келген елдегі демократия үшін күрес пен азаматтық қоғамды қолдайтынын, егер Ресей билігі оппозицияны қудалауын доғармаса, Кремльге қарсы қатаң саясат ұстанатынын ескертті.

16 маусымда Женевада Джо Байден мен Владимир Путин президент ретінде алғаш рет кездесу өткізді. CNN телеканалының Алексей Навальный туралы сұрағына жауап берген Путин Навальный өзі қамалуды қалаған болуы мүмкін екенін айтты. Ол сөзінде оппозиционерді тағы бір рет заң бұзды деп айыптады. Путин кездесу кезінде Навальный тақырыбы Байденнің бастамасымен көтерілгенін растады. Бұдан бөлек Владимир Путин Навальный туралы айтып жатып, АҚШ-ты Ресейдегі саяси оппозицияға қолдау көрсетеді деп айыптады.

Былтыр тамызда Навальный улану белгілері бойынша Омбы ауруханасына түсіп, кейін Германияға емдеуге жіберілді. Неміс зертханасының сарапшылары оппозиционердің ағзасынан «Новичок» тобына жататын удың іздерін тапты. Ресей билігі Навальныйдың уланғанын және өздерінің улауға қатысын жоққа шығарады.

17 қаңтарда Навальный Германиядан Ресейге оралды. Шереметьево әуежайында оны полиция ұстады. ФСИН Навальныйдың «Ив Роше» ісі бойынша алған шартты жаза ережелерін бұзды деп мәлімдеп, оны түрмеге жіберуді сұрады. 2 ақпанда сот ФСИН-нің өтінішін орындады. Сот үкіміне сәйкес, саясаткер түрмеде 2 жыл 8 ай отыруы тиіс.

"The Qazaq Times"