Қазір елде ауырып жатқан адамдардың ширектен аса бөлігі Алматы қаласынан. 38 мың науқастың 10 мыңнан астамы алматылық.  Қырық күн бойы «қызыл аймақта» тұрған қалада сәуір айының екі жарым аптасындағы аурушаңдық тұтас наурыз айындағы жиынтық есептен асып түсті (наурыз айы – 9631, 1-18 сәуір – 11 653 науқас). Қалада жексенбі күні 665 сырқат анықталды. Оның 588-інде симптомдық белгілері бар, 77-сі симптомсыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 222 адам ауруханаға жатқызылған және 61 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.

Жалпы қалада 6246 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6060 орын болатын инфекциялық стационарларда 4014 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 110 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 900-дейі ауыр және 3118-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 245 науқас бар. 22 адам ӨЖЖ, 88 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 92 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.

Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни 1 ақпаннан бері мегаполисте 134 мың адам екпе алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 203 егу пункті мен 406 егу бригадасы жұмыс істейді.

Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 21 381 жағдай тіркелді.

БАӘ, Мысыр, Мальдив, Испания, Түркия, Грузия, Беларусь, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыздан бері жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Көктем туғалы Алатау баурайына 687 рейспен 100 мыңдай жолаушы ұшып келген: 95 мың адам ПТР қорытындысымен, 4590 адам тест анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны 5 сәуір күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болғанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтқан. Дегенмен карантин шарасы жеңілдегендіктен әрі жаңа штамның әсерінен он айда тіркелген кейстің жетеқабыл мөлшері кейінгі елу күнде тіркеліп үлгерді. Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 52 169 адамға жетті. Мұның 41%-ы, яғни 21 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, кейінгі бір жарым айда 263 алматылық көз жұмған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 290 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 52 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 341,5 мыңнан асқан. Бірақ Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5,7 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3406, КВИ- / U07.2 – 751, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"