33 күннен бері «қызыл аймақта» тұрған қалада дүйсенбі күні 598 сырқат анықталды. Оның 507-сінде симптомдық белгілері бар, 91-і симптомсыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 337 адам ауруханаға жатқызылған және 528 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.

Жалпы қалада 6201 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6,1 мың орын болатын инфекциялық стационарларда 3665 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 98 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 751-і ауыр және 3004-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдеріндегі 272 орынның 229-ында науқастар жатыр. 36 адам ӨЖЖ, 77 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 81 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.

Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни 1 ақпаннан бері мегаполисте 87 мыңға тарта адам екпе алған.

Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 17 378 жағдай тіркелді.

Алматыда бір жылда коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 48 мыңға таяған. Мұның 36%-ы, яғни 17 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, осы аралықта 185 алматылық көз жұмған. Осы күнге дейін қалада 49 мың тұрғын вакцинаның алғашқы және 12 мыңы екінші дозасын салдырған.

БАӘ, Мысыр, Мальдив, Испания, Түркия, Грузия, Беларусь, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыздан бері жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Көктем туғалы Алатау баурайына 662 рейспен 96 мың жолаушы ұшып келген: 91 мың адам ПТР қорытындысымен, 4565 адам тест анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мың сырқат және 15 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны дүйсенбі күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болмағанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Ол бір айдан аса уақыт «қызыл аймақта» тұрған қалада тіркеліп жатқан науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтқан.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 274 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 325 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5,6 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3260, КВИ- / U07.2 – 731, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"