Қазақстанның жас әншісі Қарақат Башанова 29 қарашада өткен балалар арасындағы Евровидение (Junior Eurovision-2020) конкурсында 2-орын алды. Ол ән байқауында «Forever» («Мәңгілік») әнін орындады. Франциялық әнші Валентина жеңімпаз атанса, үшінші орынды испаниялық әнші Солиа иеленді.

Қарақат – 152 ұпай (83 ұпай әділқазылардан, 62 ұпай көрермендердің дауысынан), Валентина 200 ұпай (88/112) жинады.

Жарыс Польшада өткенімен, пандемияға байланысты Қарақат Башанова Польшаға бармай Қазақстандағы студиядан қатысты.

Конкурс ережесіне сай, келесі байқау жеңімпаз болған елде өтуі тиіс. Демек 2021 жылғы Junior Eurovision конкурсын Франция ұйымдастырады.

Биылғы байқауға Нидерланд, Беларусь, Грузия, Украина, Мальта, Польша, Ресей, Сербия, Германия қатысты.

Қазақстан бұл конкурсқа 2018 жылдан бері қатысып келеді. 2018 жылы Данелия Тулешова 6-орын алса, былтыр Ержан Максим 2-орын иеленген.

Азаттықтың мәліметінше, Junior Eurovision - Еуропалық хабар тарату одағы (European Broadcasting Union – EBU) ұйымдастыратын ән байқауы.

Ережеге сай, балалар арасындағы Евровидение (Junior Eurovision) мен негізгі Евровидение (Eurovision song contest) конкурсына Еуропа хабар тарату аймағына кіретін елдер ғана еш кедергісіз қатысады. Ал Еуропадан тысқары елдер EBU құрамына серіктес мүше бола алады. Қазақстан және мемлекеттік "Хабар" телеарнасы 2016 жылы Еуропалық хабар тарату одағына серіктес мүше ретінде кірген. Қазақстан бұл одаққа серіктес мүше болмай тұрып-ақ, Eurovision байқауын көрсете бастаған.

Серіктес мүшелер Eurovision байқауларына тұрақты түрде қатыса алмайды. Қатысу үшін EBU тарапынан шақырту алып, байқау жарнасын және телетрансляция қаржысын төлеу керек. Қазірге дейін Қазақстан EBU тарапынан тек балалар арасындағы байқауға шақырту алды.

"The Qazaq Times"