Қазақстанда 20 қараша 822 адамнан коронавирус, ал бейсенбіде 154 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 21 мыңнан астам (КВИ+ 10 838, КВИ- 10 617) адам ауырып жатыр. Ақмола, БҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО облыстарында вирус жұққаны ПТР арқылы расталғандардың өскені байқалады. Қараша айының жиырма күнінде тіркелген 15 мыңнан астам науқас пен 150 шақты өлім жағдайы қысқы толқынға дайындықты пысықтауға себеп болуы тиіс.
#Коронавирус Кеше, қарашаның 20-ы коронавирус жұқтырған 412 адам айығып шықса, 7 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – ШҚО (227) және Павлодар (95), СҚО (87), Алматы қаласы (84).
Бір айға жуық науқастар саны бойынша алда келе жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық ахуал ушығып, өңір толықтай оқшауланған. Дегенмен мемлекеттік бас санитар Ерлан Қиясов пен өңірд әкім Даниал Ахметов «жағдай бақылауда және қалыпты» деп санайды. Өңір (14 мың) вирус жұқтырғандар бойынша Алматы қаласы (15,5 мың) және астанадан (15,5 мың) кейінгі үштікте тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мұның себебін санитарлық талаптардың тиісінше сақталмауымен және шекаралық аймақ болуымен байланыстырады. Халқы жағынан өзге аймақтарға қарағанда айтарлықтай аз ШҚО-дағы жұқтырғандар саны қараша айы басталғалы 4,8 мыңнан асты.
Екінші қатарда Павлодар (1118), кейін Қостанай (983) облыстары орналасқан. Әзірге жағдай тұрақты өңірлер – Қызылорда (18), Маңғыстау (19), Түркістан (36) облыстары. Мұның барлығы қараша айындағы ресми жиынтық есеп бойынша.
Эпидемия жағдайының деңгейіне байланысты Павлодар, Қостанай, Шығыс және Батыс облыстары қызыл, астана, Алматы қаласы мен Ақмола облысы сары, қалған өңірлер жасыл аумаққа енгізілгені хабарланды.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 10,8 мыңнан астам науқастың 3127-сі ауруханада. Тағы 7711 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 511 бала емделіп жатыр.
Ахуалы нашар 224 науқастың арасында 24 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 23 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 124 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 111,8 мыңға таяған. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Қазан айының алғашқы аптасынан бастап елде коронавирус қайта көбейген.
#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққан 154 адам тіркелген. Тағы 91 адам айығып шыққан, бір кісі қайтыс болған. Бұл диагноз бойынша да ШҚО (69) мен Павлодар (15) облыстары, Алматы қаласында (9) бастапқы орындарда тұр. Пневмонияға шалдыққан 41 мыңдай адамның 30 мыңға жуығы жазылып шыққан.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті тілде жарияланбайды.
Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Қараша айында 15 332 адам ауырған және 148 адам қайтыс болған. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, өткен айда 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+, 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+, 47 адам КВИ-).
Осылайша жазғы толқынның шарықтау шегінен кейінгі тамыз айынан бері Қазақстанда дерт жұқтырып ауырғандар 75 мыңнан асқан. Үш жарым айда індеттен 1,4 мыңдай адам өмірден өткен.
Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны 358 мыңға жақындады. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 124 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 41 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 165 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3111-і (КВИ+ / U07.1 – 1977, КВИ- / U07.2 – 425, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.