Қазақстанда 19 қараша 791 адамнан коронавирус, ал дүйсенбіде 158 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Алматы мен ШҚО-да ахуал күрделене түсті. Қазіргі таңда 21 мыңға жуық (КВИ+ 10 435, КВИ- 10 555) адам ауырып жатыр.
#Коронавирус Кеше, қарашаның 19-ы коронавирус жұқтырған 311 адам айығып шықса, 6 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – ШҚО (242) және Алматы қаласы (91), СҚО мен Павлодар (әрқайсы 85-тен) облыстары. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.
Бір айға жуық науқастар саны бойынша алда келе жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық ахуал ушығып, өңір толықтай оқшауланған. Дегенмен мемлекеттік бас санитар Ерлан Қиясов өңірдегі «жағдай бақылауда және қалыпты» деп санайды. Оның айтуынша, бұл шектеу шараларының нәтижесі, егер карантин енгізілмегенде кемі 2-3 есеге жоғары болуы ықтимал көрінеді. Өңір (14 мың) вирус жұқтырғандар бойынша астана (15,5 мың) мен Алматы қаласынан (15 мың) кейінгі үштікте тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мұның себебін санитарлық талаптардың тиісінше сақталмауымен және шекаралық аймақ болуымен байланыстырады. Халқы жағынан өзге аймақтарға қарағанда айтарлықтай аз ШҚО-дағы жұқтырғандар саны қараша айы басталғалы 4,6 мыңнан асты.
Екінші қатарда Павлодар (1023), кейін Қостанай (911) облыстары орналасқан. Әзірге жағдай тұрақты өңірлер – Қызылорда (12), Маңғыстау (17), Түркістан (31) облыстары. Мұның барлығы қараша айындағы ресми жиынтық есеп бойынша. Шынтуайтында қалай екені белгісіз.
Эпидемия жағдайының деңгейіне байланысты Павлодар, Қостанай, Шығыс және Батыс облыстары қызыл, астана, Алматы қаласы мен Ақмола облысы сары, қалған өңірлер жасыл аумаққа енгізілгені хабарланды.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 10,4 мыңнан астам науқастың 3088-і ауруханада. Тағы 7347 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 481 бала емделіп жатыр.
Ахуалы нашар 220 науқастың арасында 26 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 21 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 123 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 111,5 мыңға таяған. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Қазан айының алғашқы аптасынан бастап елде коронавирус қайта көбейген.
#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққан 158 адам тіркелген. Тағы 55 адам айығып шыққан, бір кісі қайтыс болған. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның сол кездегі ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Пневмонияға шалдыққан 41 мыңдай адамның 30 мыңға жуығы жазылып шыққан.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Ал коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ берілетін болды. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеп отырады, ведомство сайтында ашық әрі түсінікті тілде талдап жарияламайды.
Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Қараша айының алғашқы жартысында 12 443 адам ауырған және 126 адам қайтыс болған. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, өткен айда 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+, 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+, 47 адам КВИ-).
Осылайша жазғы толқынның шарықтау шегінен кейінгі тамыз айынан бері Қазақстанда дерт жұқтырып ауырғандар 72 мыңнан асқан. Үш жарым айда індеттен 1,3 мыңдай адам өмірден өткен.
Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны 358 мыңға жақындады. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 123 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 40 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 163 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3103-і (КВИ+ / U07.1 – 1970, КВИ- / U07.2 – 424, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.