АҚШ Конгресі Сенатының сыртқы істер комитетінің аға демократы Роберт Менендес (Нью-Джерси) президент Дональд Трамптың әкімшілігін ірі кибершабуылдарға қатысы бар Ресей әскери барлауының қызметкерлеріне қарсы санкция енгізуді талап етті.

Хабарламада: «Сенаторлар Трамп әкімшілігін Ресейдің бес азаматына қарсы мақсатты санкциялар енгізуге шақырады. Оларға АҚШ Әділет министрлігі Ресейдің мүддесі үшін жасалған бірқатар кибершабуылдар бойынша айып тақты», –делінген. сенатордың айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігі санкциялар енгізу арқылы Ресей билігіне ескерту жасауы керек дейді. Сонымен қатар демократ Менендес ресейліктерге қарсы 2017 жылы АҚШ-та қабылданған «санкциялар арқылы Американың қарсыластарына қарсы тұру туралы» Заңның аясында шектеулерді күшейтуді ұсынды.

Бұған дейін Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова АҚШ-тың айыптауларын жоққа шығаратынын мәдімдеген. Мәскеу бұған дейін батыс елдерінің кибершабуылдарды ұйымдастырғаны туралы айыптарын бірнеше рет мойындамаған. Сонымен қатар, Ресей тарапы Уашингтонға Киберқауіпсіздік бойынша диалогқа шақырған. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жоғарыда аталған мемлекеттерге Уашингтонның кибершабуылдарға қатысы бар деп айыптаған алты ресейлікті жауапқа тартуды ұсынды.

Өткен аптада АҚШ Әділет министрлігі «қауіпті кибершабуылға қатысы бар» алты ресейлікке айып таққан. Олар – Ресей Федерациясының әскери барлауының бұрынғы және қазіргі қызметкерлері. Тергеу мәліметтері бойынша, «айыпталушылар мен олардың серіктестері бүкіл әлемдегі, соның ішінде Франция, Грузия, Нидерланды, Корея Республикасы, Украина, Ұлыбритания және АҚШ-тағы компьютерлік желілердегі мәліметтерді ұрлаған».

"The Qazaq Times"