Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының орынбасары Сумия Сваминатан коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау 2021 жылдың ортасында басталуы мүмкін деген болжам жасады.

Қазіргі уақытта 20-дан астам кандидат-вакцина клиникалық сынақтардан өткзіліп жатыр. Олардың нәтижелері келесі жылдың басында белгілі болмақ. Коронавирусқа қарсы екпе шыққан соң, 7,8 миллиард адамды вакцинациялауға бір жарым жылдан астам уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 80%-ын вакцинациялау жеткілікті, бірақ адамдарға вакцинаның екі дозасы қажет болуы мүмкін.

Әлемде пандемия басталғалы, дамыған мемлекеттер вирусқа қарсы екпе өндіру бойынша өзара жарыс бастап кеткен. Осы ретте Америка Құрама Штаттарында клиникалық сынақтарды жеке фармацевтикалық компаниялар өткізбек. Қазір елде бес вакцина өндірушісі AstraZeneca, Johnson & Johnson, Merck, Sanofi және Moderna үкіметпен келісімшарттқа отырды. Ал Ресейде вакцинаның клиникалық сынақтары шілденің ортасында аяқталады деген болжам бар. Клиникалық зерттеулер тамыздың аяғында – қыркүйектің басында басталуы керек.

"The Qazaq Times"