Арменияда коронавирустың екінші толқыны басталды. Бұл туралы ел премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.
Журналистерге өткізілген брифинг барысында Пашинян: «Елде коронавирустың екінші толқыны басталды. Бірнеше күн бойы комендатурамен бекітілген ережелер қалыптасқан ахуалға қаншалықты сәйкес келетінін талқылап келеміз. Бірнеше уақыт аралығында қабылданған шектеулер тиімді. Дегенмен осы шектеулерді, ережелерді сақтау жағынан мәселелер көп туындап отыр», – деді.
Коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты Арменияда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. 25 мамырдан бастап халық маска тағып жүру режиміне көшті. Тек жабық орындарда ғана емес, ашық және қоғамдық жерлерде маска тағу міндеттелді.
Армения Денсаулық сақтау министрлігі Ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметінше, елде коронавирус инфекциясын жұқтырған 7744 жағдай тіркелген, олардың 3225-і сауығып шықты. 4421 пациент ем қабылдап жатыр. 98 науқас қайтыс болған.