Жақында Ресей үкіметі отставкаға кетті, көп ұзамай көрші Өзбек елінде де осындай жағдай орын алды. Оның алдында Украина үкіметі де отставкаға кеткен болатын. Бұл құбылыс бізге де келе жатқан сыңайлы. Өйткені соңғы жылдары Үкіметтің кеңейтілген орысы алдында отставка жайлы алып-қашпа әңгімелер бізде де тарай бастады. Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын сайлау өтпейді деп қадап айтқанымен Үкімет отставкаға кетеді деген әңгіме тарауын қоймай жатыр.
Елімізде «Қазақстан – 2050» стратегиясы, 5 реформа, Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы сынды көптеген жоспарлы бағдарламалар бар. Оларды орындау үшін талапшыл әрі айтқанын істете алатын адам керек.
2019 жылы Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды. TENGENOMIKA телеграм-каналының жазуынша, бұл бағдарлама бойынша көзделген 4 мақсатты индикатордың тек 2-не ғана қол жеткізілген. 2015-2019 жылдар аралығында өңдеу кәсіпорындарының экспорты тек 8,2% ғана өскен, негізгі меже 19% болу керек еді. Ал еңбек өнімділігі 4,2% құраған, жоспар бойынша ол 22% керек еді. Қарап отырсақ бұл бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Бүгінгі премьер министр Асқар Мамин үкімет басына кейін келгенін ескерсек ол аяқталып жатқан ИИДМБ-2 бағдарламасының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіншілігі де болмағанын аңғарамыз. Онымен әсіресе экс-премьер министр Бақытжан Сағынтаев пен оның министрлері айналысқан.
Жақында қазіргі министрлер кабинетімен 2020-2025 жылдарға рналған ИИДМБ-3 бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның алдыңғы индустриялық бағдарлама нұсқаларына қарағанда мақсаты да, құралдары да өзгеше. Міне, осы бағдарламаны іске асыру нәтижесі қазіргі Үкіметтің қаншалықты тиімді жұмыс істегенін айқындап беретін болады. Алайда ол үшін Асқар Мамин басқаратын үкіметтің жоқ дегенде әлі 2-3 жыл мерзімде жұмыс істеуін талап етеді.
Мұндай үлкен бағдарламалардың тыңғылықты іске асырылуы үшін темір тәртіп орната алатын әрі талапшыл үкімет басшысы керек. Сондықтан дәл қазір ҚР Үкіметінің отставкаға кетуі нақты бір істі аяқтамай, жарты жолдан кетумен тең. Ол еліміздің экономикалық дамуы және тағы басқа көрсеткіштерге кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан көрші елдерде болып жатқан құбылысқа таңырқай бермей, алға нық қадам басып, қазіргі Үкіметтің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасағынымыз орынды болады.