16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.
Әбдік Дархан, журналист
Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Келісесіз бе?
Заң жүзінде біз әлбетте тәуелсіз мемлекетпіз. Әрине көптеген нюанстар бар. Мысалы, ақпараттық тұрғыда біз әлі де Ресейдің аясындамыз. Одан құтылу үшін бірінші кезекте ресейлік арналарды Қазақстанның телеарналарынан, не базаларынан алып тастау керек немесе әлемдік телеарналардың көрерменге жол тартуына мүмкіндік беру керек. Өкінішке орай, көп жағдайға Ресейдің көзімен қараймыз. Бірінші тәуелділік ол – қазақ тілі толық ұлттың тілі бола алмай отыр. Сосын санадағы тәуелділік бар, бірақ ол адамның өзіне байланысты. Дегенмен, тәуелсіздікке апаратын басты шарт – заңды тұрғыда тәуелсіз ел болғанымыз. Бұл шарт бүгінде бар.
Президент деген кім?
Президент деген белгілі бір мерзімге халық таңдап, сайлайтын (мысалы, көп елде 4 жылға) лауазым. Президент сол елдегі «ең ақылды адам» деген сөз емес. Халық белгілі бір демократиялық елде өз тағдырын төрт жылға бір тұлғаға сеніп тапсырады. Егер ол өз міндетін орындамаса, оны екінші рет сайламайды. Президент деген ол патша емес. Президент халыққа қызмет етуге міндетті. Демократиялық қоғамда ол жәй ғана лауазым.
Алдағы ширек ғасырдағы Қазақстан сіздің көзде?
Алдағы 50 жылдағы Қазақстанның жолы қиын болады деп бағамдаймын. Оған бүгінгі бар тенденциялар әсер етеді. Қоғамдағы феодалдық сана, рушылдық, топ-топқа бөліну, діни уағыз – осының барлығы өкінішке орай Қазақстанның алдағы ширек ғасырда өркениетті елдер қатарына кіруіне кедергі жасайды. Бірақ ақыр түбінде бәрібір өркениеттік сана жеңіске жетеді деп ойлаймын.
Хасен Серікбол, 25 жаста
Сіз үшін тәуелсіз адам кім?
Тәуелсіз адам болу үшін бірінші керекте қаражат керек. Адам экономикалық тұрғыда тәуелсіз және рухани тұрғыда еркін болса, тәуелсіздік деген – осы.
Еркіндікті не тұсаулайды?
Еркіндікті ақымақ және надан адамдар тұсаулайды. Бірақ солай болу керек те шығар. Себебі еркіндіктің де шегі болу керек деп ойлаймын. Қазіргі біздің заманда еркіндік пен ессіздікті шатастырғандар өте көп. Мысалы, Ницше, Шопенгауэр, Шәкәрімдерді еркін адам деп айтуға болады. Олардың қайсыбірі ессіздік жасауға тырысты? Сондықтан, бірінші еркіндік тұжырымын не оның формуласын жасап шығару керек болар. Бірақ формуладағы еркіндік ол еркіндік болмайды.
Ташмақова Айнұр, 28 жаста, педагог
Президент деген кім?
Президент мінсіз адам емес, президент Құдай емес. Шет мемлекетте көп болғандықтан, өз еліңдегі яғни Қазақстандағы жағдайды сыртпен жиі салыстырасың. Сонда менің көңіліме жақпайтыны – біздің мемлекетте президентке көп жүк салады. Яғни президент мықты болуы керек, ол бәрін жасауы тиіс, менің бизнесімді жүргізуге қолғабыс етуі керек сынды. Бірақ ол олай емес. Әлемде президентке сонша үлкен салмақ салмайды. Өйткені адамдардың өзіне деген сенімі өте мол әрі құлдық сана жоқ. Құлдық сана деген қорқу емес, ол біреуге жауапкершілік арту.
Алдағы ширек ғасырдағы Қазақстан сіздің көзде?
Егер қазіргі тенденцияда халық сауатын арттырмаса, Қазақстан толық батыс жүйесіне өтіп кетеді деп ойлаймын. Ал бұл – трагедия. Себебі Қазақстан өзін, өзінің түп тамырын яғни «national identity» (ұлттық бірізділігін) жоғалтып алады. Мәселе, музыка я әдебиетте емес. Біз тым жекешеленіп барамыз және Еуропаға ұқсап барамыз. Негізі батысшыл саясат ғасыр бойы жүргізіліп келе жатыр. Мысалы «Қазақ» газеті шыққанда Алашордашылдар батысшыл көзқарасты қолдады. Тіпті «Қазақ» газетінің шаңырағының түндігі батысқа қарай ашылған. Яғни ежелде қазақтар ауа дұрыс кіруі үшін түндікті жел көп соғатын жаққа қарай ашып қойған ғой. Бірақ қазір меніңше батысшыл идея өзекті емес. Әрине біздің батысқа еліктегеніміз, олардан көп нәрсе үйренгеніміз пайдаға жарады. Бірақ қазір өзімізді іздейтін, өз барымызды бағалайтын сәт туды.
Әшібек Сұлтан, 27 жаста, эколог
Еркіндікті не тұсаулайды?
Еркіндікті адамдардың арасында заң мен өз құқығын білмеу тұсаулап отыр.
"∞"(мәңгілік) ұмытылмау мүмкін бе?
Әрине мүмкін. Бірақ ол адамның әрекетіне байланысты. Егер оның тірлікте жасағаны қай заманда да өзекті болса, оны ешкім ұмытпайды. Бірақ қазір ондай дүние өте аз. Бүгінгі ашылған жаңалық ертең-ақ мұрағат беттерінен табылып жатады.
Асанов Сейілбек, 31 жаста, саясаттанушы
Еркіндікті не тұсаулайды?
«Еріншек бекер мал шашпақ», деген ғой Абай. Еркіндікті жалқаулық, еріншектік тұсаулайды. Өйткені еріншектіктің кесірінен бар нәрсе мақұрым қалып, адам әлдекімге қаржылай, моральдық болсын тәуелді болып қалады. Еркіндікті қалайтын адам көп оқып, ізденуі тиіс, тәуекелге бара алуы керек. Иә, біз еркіндікті әрқалай қабылдаймыз. Мәселен, абақтыда отырған адам үшін таза ауа жұтып, далада еш алаңсыз жүру ол – еркіндік, ал үйде яки жұмыстағы адам үшін еркіндік басқа дүние. Басты еркіндік санадағы ғой.
"∞"(мәңгілік) ұмытылмау мүмкін бе?
Жалпы адам екі жағдайда ұмытылмайды: жамандық жасағанда және жақсылық жасағанда. Мысалы, Голощекин жасаған қастандығы үшін ұмытылмай келеді. Өйткені қазақ оны мәңгі есінде сақтайды, лағынет айтады. Ал ғылым мен білімге бастаған әл-Фараби, әл-Хорезмилер бұқараға жасаған жақсылығы үшін ұмытылмайды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген – осы.
P.S: Неге бәрі мұз?
Әбдік Дархан: бұл сұрақтың жауабын білмеймін.
Хасен Серікбол: Елорданың тұрғыны болғандықтан. Әрі бар ел тізгінін ұстағандар саясаткерлер де осында. Сосын күн салқын.
Ташмақова Айнұр: Бәрі мұз емес. Мұз болған күннің өзінде ол еріп кетеді. Тас я металл емес қой. Бір күні ериді.
Әшібек Сұлтан:
Асанов Сейілбек: Көп жұмыс істеп, іздену керек. Сонда ғана елде мұз болмайды, жылулық келеді.
Материалды дайындаған Сафина Ахтай