Елордада өтіп жатқан "Тіл тазалығы - баршаға ортақ іс" жобасы жалғасын табуда. Кеше қоғамдық көліктердегі жарнама, көрнекі ақпараттардың тіл заңнамасына сәйкестігін қарау мақсатында тексеру жүргізілді. Шара барысында бірқатар заң бұзушылықтар байқалды.

Бұл туралы шараға қатысқан Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Бас маманы Айгүл Иманғали: "Қоғамдық көліктердің іші-сыртындағы түсіндірме мәтіндер, төлем жасау аппаратындағы анықтама сөздер, жарнама экранындағы жүгіртпе жолдар және өзге де көрнекі ақпараттардан мемлекеттік тіл талабына қайшы заң бұзушылықтар анықталды" деп атап көрсетті.

Тексеру нәтижесіне орай жиналыс өткізілді. Оған автобус парктерінің өкілдері, "Астана LRT" ЖШС Көліктік бақылау департаментінің директоры, Көлік мамандары біліктілік орталығының директоры, "Астана LRT" Жарнама берушілермен жұмыс жөніндегі қызметтің жетекшісі, "Астана LRT" Жол қозғалысын басқару департаментінің өкілдері, "Астана LRT" ЖШС Төлем жүйелері департаментінің өкілдері және "Астана LRT" ЖШС Қоғаммен байланыс қызметінің өкілдері қатысты.

Жиналыста баяндама жасаған А.Иманғали жобаның мән-маңызы туралы түсіндіре келіп: "Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы бас қаламыздағы тілдік тазалық пен реттілікті сақтауды мақсат етеді. Қазірге дейін Пәтер иелері кооперативімен, жеке меншік бала бақшалармен, түрлі кәсіпкерлік нысандарымен жұмыс жүргізілді. Ана тілдің мәртебесін көтеретін осы бастамаға сіздер де үн қосып, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын басты назарда ұстауларыңыз қажет" деді.

Жиынға қатысушылар жалпы тіл тазалығының сақталуын қадағалайтындарын білдірді. "Астана LRT" ЖШС Қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері Әлия Жарқымбекова алдағы уақытта заң талабына сәйкес келмейтін барлық жазбаларды түзететіндерін жеткізді.

Айта кетейік, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасына қала басшылығы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Нақты жұмыстар қала әкімінің орынбасары М.Бектұрованың тапсырмасына сай жүргізілуде.

 

“The Qazaq Times”