Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамптың әскери көмек беру жайлы мәлімдемесінде Қазақстанға «тоқталып өткені» белгілі болды. Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Трамптың пікіріне қатысты түсініктеме беріп, Ақ үй басшысының қателескенін айтты.
Бұған дейін «BusinessInsider» басылымы АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы спичрайтері Гай Снодграсстың «Holding the Line: Inside Trump ' s Pentagon with Secretary Mattis» кітабынан үзінді жариялаған. Кітапта Дональд Трамптың 2018 жылдың қаңтарында Штаб бастықтары біріккен комитетінің Пентагонда өткізген кездесуінде айтқан сөздері келтірілген. Трамп Қарулы Күштер өкілдерімен кездесуде әскери шығындар бюджетін талқылаған. Снодграсстың мәліметтеріне сәйкес, Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Трамп Конгресстен өткен жылдардағы шығындардың тұрақты қысқаруына байланысты қатаң ескерту жасай алады деді. Ауғанстандағы ахуал жайлы сұрақ қойған Трамп кейіннен: «Біз шын мәнінде өзімізге көмектеспейміз... Қазақстан – өте бай ел. Менің соңғы сапарым кезінде олар маған алғыс жаудырды. Бірақ неге олар бізге қаржы төлемейді? Неге олар күреспейді?», – деп, АҚШ-тың әскери көмек беру кезінде жиі ұтылып қалатынын айтқан.
Негізінен Трамп Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде мәлімдеме жасаған кезде, елді Қазақстанмен шатастырып алса керек-ті. Сөзімізді растаған Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Трамптың Қазақстанға ресми іссапары болмағанын еске салды.
Бұл жағдай Құрама Штаттары президентінің билігі кезінде алғаш рет орын алып отырған жоқ. 2017 жылы африкалық елдердің көшбасшыларымен кездесу кезінде Трамп өз сөзінде екі рет Намибияны «Намбий» деп атаса, 2016 жылы арнайы науқан кезінде ол Танзания атауынан жаңылысып қалған.
Сонымен қатар, Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантоспен кездесу кезінде бойынша өткен баспасөз мәслихаты кезінде Дональд Трамп есірткі трафигімен күрестің маңыздылығын айта отырып, «какао» мен «кокаин» сөздерін шатастырды. Ал 2019 жылдың наурызында Трамп «Apple» компаниясының басшысың есімін «Тим Эппл» деп қателескен. Ал Рravda.com хабарлауынша, жақында ғана Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді Ресей президенті деп айтып қалған. Ресейге қатысты әңгіме болғандықтан, мұнда қандай да бір саяси астар болуы әбден мүмкін немесе бұл АҚШ президентінің «кезекті шатасуы».