Қазақстанның сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қырғызстанның уақытша сенімді өкілі Қайнарбек Токтомушевке Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Euronews телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанға қатысты айтқан сөздеріне байланысты нота тапсырды деп жазады "Орталық Азия хабар қызметі".
СІМ ақпаратына қарағанда, Токтомушев 21 ақпанда министрлікке шақырылып, оған сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Астананың "Қырғызстан президентінің 17 ақпанда айтқан сөзіне байланысты таңданысы мен келіспеушілігі" білдірілген нота тапсырған.
Нотада осы кезге дейінгі түрлі деңгейлердегі келіссөздерде ресми Бішкектің "блокада мен адам шығыны" мәселесін көтермегені айтылған.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 17 ақпанда Euronews телеарнасына сұхбат берген. Ол "ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?" деген сұраққа "Бұл одаққа кірмесек, оқшау қалып қоятын едік" деген сарында жауап берген. Ол: "2010 жылы Қазақстан бізге бір жарым ай блокада жасап тастаған кезде бізде адам шығыны да болды" деген.
Бірер күн бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Алмазбек Атамбаевтың сөзін ескердік. Енді Қырғызстан тарапынан түсініктеме күтіп отырмыз" деп мәлімдеген.
Қырғызстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Динара Кемелова кеше Қазақстанның осы елдегі елшісі Айымдос Бозжігітовті қабылдап, Атамбаевтың сөзіне түсінік берг. Кемелова 2010 жылғы сәуір оқиғасына байланысты Қазақстан жағы шекарасын жауып, шектеу енгізгенде Қырғызстан азаматтарына кәдімгідей қиындықтар туындап, ол адам өліміне дейін әкеліп соқтырғанын айтқан, оған мысалдар да келтірген.
«The Qazaq Times»