«Қытай басшысы әлемнің еркіндік процесіне қауіп төндіреді». Бұндай пікірді америкалық миллиардер әрі филантроп Жорж Сорос Давостағы дүниежүзілік экономика форумында ортаға салды. Оның айтуынша, алдағы уақытта Қытай билігі тоталитарлық жүйені бекемдеу мақсатында ең жаңа технологиялар мен жасанды саналарды да кең көлемде пайдалануы мүмкін.
Сорос сөзінде Қытай бұл істі жүзеге асыру үшін өзге тоталитарлық жүйедегі елдерден қабілетті екенін айтады. «Қытайдан басқа авторитарлық режимдегі мемлекеттердің бар екені рас. Бірақ, Қытайдың экономикасы бай, армиясы қуатты және технология саласы мейлінше дамыған. Сондықтан да, Ши Жинпиң әлемдегі басқа ашық қоғам үшін ең үлкен қауіп төндіреді», – дейді Сорос мырза.
Миллиардер аталған форумда Қытай басшысы ғана емес, АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға қаратқан саясатын да ашық сынға алды. Трампқа қаратқан сөзінде: «Трамп әлеммен экономикалық соғысқа барудың орнына, сауда соғысын бір ғана Қытайға бағыттауы керек», – дейді.
Әлемнің еркіндікке деген талпынысына Қытайдың ірі технология компаниялары да үлкен қорқыныш алып келіп жатқанын айта келіп, Қытай билігінің ел ішінде жоғары технологияларды пайдалана отырып, ел халқын қатаң бақылауға алып, кісілік қақысын шектеп, еркіндігіне тұсау салып отырғанын сынға алды.
Жорж Сорос АҚШ-тың Демократиялық партиясын қолдаушы «долларбайының» бірі. Ол сондай-ақ, сөз бостандығы, адамдық құқықты қорғау және тәуелсіз баспасөздерге қолдау көрсету бойынша Орталық Азия елдеріне таныс есім.