Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы, ресейлік спортшы Хабиб Нұрмагомедов бес салмақ категориясы бойынша экс әлем чемпионы, әйгілі америкалық боксшы Кіші-Флойд Мейвезерді жекпе-жекке шақырды.

«Алға, Флойд! Мен жекпе-жекке шығуға дайынмын: 50-0-ге 27-0 қарсы. Біз екеуміз де ешқашан жеңілмегенбіз. Неге төбелеспеске? Бұл джунглиде тек бір ғана король бар, ол – мен. Өйткені, мен Конорды жеңдім. Және мен мұны оп-оңай істей алдым» дейді Хабиб. Ол өзінің менеджері Дехун Блэйктің инстаграм парақшасы арқылы осындай видео үндеу жолдаған.

Бұған дейін 6 қазан күнгі жекпе-жектен кейін Хабибтің қылығына байланысты Невада атлетикалық комиссиясы іс қозғаған еді. Хабибтің сыйақысы берілмей, тіпті оның спорттан шеттетілуі мүмкін екені де хабарланған. Нұрмагомедов жеңіске жеткеннен кейін Диллон Дэниске тұра ұмтылып, өзінің намысына тиген ирландиялыққа шабуыл жасаған. Оның арты жаппай төбелеске ұласты. Төбелес кезінде Хабибтің командаласы Зубайра Тухугов та октагонның ішіне кіріп кетіп, МакГрегорға жұдырық жұмсаған.

Ал 27 қазан күні Тухугов ресейлік Артем Лобовпен кездесу өткізуі тиіс болған. Жаппай төбелестен соң UFC президенті Дана Уайт аталған кездесудің күшін жойды.

Бұдан кейін мәлімдеме жасаған Хабиб егер Тухуговтың кездесуі болмайтын болса, онда UFC-тен кетуге де дайын екенін айтыпты. Хабиб сондай-ақ кепілдендірілген 2 миллион доллар сыйақыны да алмай-ақ қоюға пейілді екенін байқатыпты.

Еске салатын болсақ, 6 қазанда Лас-Вегаста Хабиб қарсыласы ирландиялық Конор МакГрегорды жеңіп кеткен еді. Ал ирландиялық спортшы болса 2016 жылы Мейвезермен бокс ережесі бойынша жекпе-жекке шығып, техникалық нокаутпен жеңілген.

"The Qazaq Times"