Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс орталығында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның алғашқы отырысын өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Елбасы Жарлығына сай облыс орталығын Түркістанға көшіру жұмыстарын жоспарға сай жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылғанын айтқан облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған тапсырмаларды сәтті орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

Отырыста сөз алған ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалынатын жаңа бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды.

«Біріншісі түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасын үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, Астана қаласының салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың тұжырымдамасын техникалық тапсырмасы мен бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасын әзірленген жобасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет»,-деді Қ.Өскенбаев.

“The Qazaq Times”