Бішкек қалалық соты қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты қамауға алу туралы аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы айыпталушының қорғаушысы Нұрбек Тоқтақунов мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, қазақ ұлтшылы екі айға түрмеге тоғытылған.

Заңгер Бішкек соты қорғау тарабы келтірген дәйектердің ешбірін ескермей, біржақты шешім шығара салды деп қынжылады.

 - Сот келтірген дәйектеріміздің ешқайсысын ескерген жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 266-баптың Қырғызстан заңында баламасы жоқ. Кишинев конвенциясы, өзге де халықаралық келісімдерге сәйкес, мұндай кезде азаматтарды өзге елге бермейді. Ал егер берілмесе, онда қамауға да алуға болмайды. Осы сияқты дәлелдердің ешқайсысы сотта ескерілмеді. Сот тек бұларды айналып өтті, - дейді Нұрбек Тоқтақунов.

24 мамырда Қырғызстан бас прокуратурасы қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстан билігіне тапсыру туралы шешім шығарған.

Бас прокуратура қаулысында Қазақстанда белсендінің үстінен "қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру" және "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу" бойынша айыптар тағылып отырғаны жазылған. Қаулыда сонымен бірге, оның ұсталуында "саяси астары жоқ" екені және оның азаптауға ұшырамайтыны туралы да айтылған.

Адвокат Нұрбек Тоқтақунов Қырғызстан бас прокуратурасының бұл шешіміне байланысты аппеляциялық шағымды осы аптада сотқа түсіретінін айтты.

Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте тұрып жатқан жерінде ұстаған. Келесі күні Бішкектің Первомай аудандық соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарған.

“The Qazaq Times”