Асырып айтқан емес, әлемдегі көзқарақты елдің назары Дональл Трамп пен Жоу Байден арасындағы тартысты бәсекеде. АҚШ тарихында мұндай дабыралы сайлау кемде кем өтті. Биыл сайлау қортындысы жарияланудан екі апта бұрын берілген дауыстың өзі 1932 жылғы Франклин Рузвельттің жалпы дауыс санына (28 млн) тең. Демократтарға жақтас басылымдарға сенсек биылғы сайлауда жастар белсенді және олардың көбі Жоу Байденді қолдап жатыр. Әрине, бұған қарап америкалықтар екіге бөлініп, бірі тарабы Трампта, бір бөлімі Байденді таңдап жатыр деуге келмес, қалыс қалып, екеуінің саяси ұстанымдарын, бағдарламаларын сынап жатқандар да бар.

Біздің қаузағалы отырған мәселе бұл емес. 2016 жылғы сайлау Ақ үйге алып келген Трамппен жаһандық геосаяси жағдайларда бірқатар өзгерістер бірге келді. Соның ең ауқымдысы және өзге халықаралық қатынастарға әсер еткені – АҚШ-Қытай қатынасы. Трамп Қытайға қатаң саясат ұстанатынын алдынғы сайлауалды мәлімдемелерінде айтып келген, Ақ үйге кіргеннен кейін де сол ұстанымында қалды, егер кезекті сайлауда екінші мәрте жеңіп шықса, сол бағытты жалғастырары даусыз. Демек, Уашингтонның Бейжіңмен болған мәмілесі барған сайын шиеленісе түсуі бек мүмкін.

Осыған керісінше, Демократиялық партияның үміткері Жоу Байденге қарсылар оның Қытайға «тым жұмсақ ұстанымда» тұрғанын айтып сынайды. Олай болса Байден Трамптың орнына келсе Қытайға «жұмсақ саясат» ұстана ма? Байденнің Бейжіңге деген көзқарасы қандай болуы мүмкін? АҚШ-Қытай қатынасы ары қарай қалай дамуы мүмкін? Біз тап осы сұрақтар төңірегіндегі ізденісімізге сай кездескен бірқатар мәліметтерді алға тарта отырып, Байденнің Қытайға деген кәдуелгі позициясы туралы талдап көрмекпіз.

Анығында Трамп та, Байден де Ақ үйге жалғыз кірмейді. Олар соңына ерткен үлкен бір саяси топпен кіреді. Трамп Ақ үйге кірерде оның соңында еврей күйеу баласы Жаред  Кушнерден тартып, Стивен Мнучин, Уилбур Росс секілді финансер, экономистері, Рекс Тиллерсон сынды делдалдық дипломатияда аты шыққан тісқақты дипломаты, Жон Болтон секілді қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері болды. Бұны образды түрде «Трамптың артқы ауласы» деп те атаған.

Кейін осы «артқы ауладан өрт шығып» бірқатар командаластары Трамптан алыстап кетті. Айталық, Тиллерсонның орнын одан да іскер және барлау қызметін ұзақ жыл жетектеген тәжірибелі саясаткер Майкл Помпео басса, мұртты Болтонның орнына Роберт О`Брайен келді. Бұлардан тыс жұрт көзіне көп көрінбеген, анығында нағыз стратегтері болды. Сол тұста шетелдік тісқақты саясаттанушылар осы командаға қарап отырып-ақ, Трамптың Қытайға жылы қабақ танытпайтынын болжаған еді. Осыған ұқсас, егер Жоу Байден билікке келсе оның Бейжіңмен болған мәмілесін де болжауға болады.

Байденнің «артқы ауласында» кімдер жүр?

Байденнің сайлауалды тобының мүшелері және болашақ үкіметті құрамына үміткерлер дерлік Обаманың командасынан шыққан десе болады. Әрі, көбінесе демократтар сабында Байденмен бұрыннан қызметтес болғандар.

Антони Блинкен. Фото: Ukrinform.

Антоний Блинкен – Байденнің сыртқы саясаттағы оң қолы.  Обамама тұсында президент пен вице-президент Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған. 2015- 2017 жылдар аралығында мемлекеттік хатшының орынбасары қызметін атқарған. Екі жыл бұрын Сенаттың Халықаралық қатынастар комитетінде Байденмен қызметтес болды, содан бері арасы ажыраған жоқ. Ол және компанияларға геосаяси кеңес беретін WestExec Advisors-тың негізін қалағандардың бірі. Бұл компания «Стратегиялық бәсекелестік дәуіріндегі Қытаймен байланысты тәуекелдерді басқару» деген зерттеулері арқылы Қытай нарығында американдық компаниялардың іскерлік қызметі үшін маңызды кеңестер беріп отырған.

Жейк Салливан. Фото: National Journal

Жейк Салливан – Байден командасының аға саяси кеңесшісі. 2016 жылы Хиллари ханымның сайлау тобында аға кеңесші болған. Обама тұсында жоғарыда атаған Блинкеннен кейін Байденге қауіпсіздік жөніндегі кеңесші болды. оған дейін Мемлекеттік кеңестің Саясатты жоспарлау департаментінің директоры және мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның штаб бастығының орынбасары болған. Егер Хиллари президент болғанда Салливанды қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі етпек болған.

Сюзан Райс Обаманың сенімді өкілі болды. Фото: Council on Foreign Relations

Сюзан Райс – Обама тұсында Байденнің басты көмекшісі. 2009 жылы ол АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі болды, 2013 жылы Обаманың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған. Райс ханым биылғы сайлауда Трампқа ең өткір сын айтқан саясаткерлердің бірі. Ол Байденнің басты қолдаушысы ретінде танылды.

Саманта Пауэлл және Обама. Фото: Bloomberg.

Саманта Пауэлл – Обаманың сенімді серіктерінің бірі, Хилларимен арасы дұрыс болмағанымен демократтар арасында іскерлігімен танымал. 2013 жылы Райстың орнына БҰҰ-дағы өкіл ретінде қызмет атқарды.

Кури Кэмпбелл. Фото: Kyoto News.

Курт Кэмпбелл – Қытай мәселесі бойынша Байденге ең керекті адам. 2009-2013 жылдар арасында мем.хатшының Шығыс Азия-Тынық мұхит істері жөніндегі кеңесшісі болды, Обама әкімшілігінде Қытай істеріне жауапты көмекшілердің бірі болған.

Эли Ратнер – стратегия белгілеуде аты шыға бастаған жас стратегтердің бірі. Фото: Рейтер.

Эли Латнер – Америкалық танымал стратегтердің бірі. Ратнер қазіргі уақытта Уашингтондағы Сараптама орталығы мен Жаңа Америкалық қауіпсіздік орталығының (CNAS) атқарушы вице-президенті және зерттеушы директоры. Байден вице-президент кезінде қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі де болған, сондай-ақ, Мемлекеттік департаменттің Қытай, Моңғолия істері жөніндегі қызметшісі де болды. Қазір Байденге сыртқы саясат бойынша бейресми кеңесші болып жүр.

Томас Домилион Обаманың Ақ үйге келуіне көмек берген. Фото: Foreign Policy

Томас Донилон – Байденнің сайлау алды бас стратегі. Ағайынды Томас және Майк Донилондар Байденге сонау 1980 жылдардан бері қолдаушы болып келеді. Томас Донилон 2010-2013 аралығында Обаманың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болды /ашық дереккөздерден/.

Ақталмаған «америкалық үміт»

Өздеріңіз байқағандай, Байден командасының мүшелері Обаманың Ақ үйге алғаш бастап кірген саптастары. Олардың Қытай туралы түпкілікті көзқарасы қазіргі Трамп әкімшілігімен салыстырғанда мүлде өзгеше. Былайша айтқанда, Байденге Қытай туралы кеңес береді-ау дегендер кезінде Обамаға «Қытайды жақын тарту» саясатын жобалап берушілер. Бұған қарап та Байден Ақ үйге басшы болып отырса Қытайға деген қазіргі қатаң саясат өзгереді деп болжауға болар еді.

Никсоннан Обамаға дейінгі президенттер негізінен «Қытаймен келісім саясатын» ұстанып келді. Уашингтон 40 жылдан астам уақыт Бейжіңге осы ұстанымда қарады, яғни АҚШ Қытаймен іскерлік, дипломатиялық және мәдени алмасуды тереңдетіп, Қытайды халықаралық жүйеге қосуға ұмтылса, Қытай саясатта либерализация, экономикада еркін нарықтық жолға түседі, халықаралық ережелерді сақтап,  әділ бәсекелестік орнатып, Америка Құрама Штаттары күткен бағытта өзгереді деп үміттеніп келді.

Егер жосынға келсек, Обама тұсындағы «Қытайды жақын тарту» саясатын жоспарлағандар Байденге де осы жолды көрсетуі мүмкін дер едік. Бірақ, соңғы жылдардағы Қытай ішкі және сырқы саясаттары мен қадамдары «америкалық үмітті» селге кетіргендей болды. Америкалық «жылымық саясат» авторларын да ұйқысын шайдай ашты. Бұған қарап, АҚШ-ты қамтыған Батыстың қытайтану деңгейін бағалауға болады. Олардың қасында Қытаймен тарихи көршілес елдердің, әсіресе Қытаймен тарихи қарым-қатынас (соғыс әлде келісім, сауда-экономикалық) орнатып келген елдердің Қытай туралы түсініктерінің тереңдігі байқалды. Дегенмен, қазір де болса Уашингтон билігінде Қытайға деген көзқарас Обама тұсындағыдан әлде қайда басқаша.

Обама тұсындағы қателіктерін мойындағандар

Біз жоғарыда атаған Байден командасына бұрынғы Обама әкімшілігінен келгендердің арасында Қытайға деген «жылымық саясатты» Американың тарихи қателігі санайтындар да бар. Мысалға, Курт Кэмпбелл мен Эли Латнердің 2018 жылы «Халықаралық қатынастар» деген атпен жариялаған есебінде АҚШ-тың ұзақ жылдар бойы Қытайды қате бағалап келгенін мойындады. Аталған сараптамада «АҚШ Қытайдың өзгеруге деген қабілеттілігін тым асыра бағалағанын», өткен дәуірдегі АҚШ-тың Қытай саясаты жалған үмітке негізделіп келгенін, анығын айтқанда АҚШ саясаты Қытайды өзі қалағандай етіп өзгерте алмағанын айтқан. Соңында олар америкалық саясаткерлерді «алдамшы үміттен бас тартуға» шақырған еді /дерек көз – The Stant News/.

2019 жылға арналған есептерінде Салливан мен Кэмпбелл алдынғы көзқарасты толықтыра отырып, Қытаймен қалай бәсекелесе өмір сүруге болатынын жан-жақты талдаған екен. Салливан мен Кэмпбелл 2018 жылғы есептерінде: «Қытайды жақын тарту дәуірі қоштасусыз аяқталды», – дей отырып, америкалық саясаткерлерді Қытай туралы «романтикалық идеяларынан» бас тартуға және бірқатар мәселелерде (ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, даму мүдделері секілді) сабырлы ақыл мен қатаң әдістерді қолдануға шақырды /дерек көз – The Stant News/.

Ал, біз Байден командасы қатарында ең алғаш атаған Антоний Блинкен де Қытайдағы коммунистік режимнің әлемге бірқатар қолайсыздықтар әкелгенін алға тартып, қазіргі жағдайды бұрынғымен салыстырғанда әлде қайда тұрақсыз деп бағалаған. Байден командасының бұл пікірлері ол АҚШ президенті болып келе қалса, Қытайға деген саясаты қалай болады дегенді бағалауда аса маңызды.

«Жаңа Қырғи-қабақ соғысы» бола ма?

Ақ үйдегі сопақша келген кабинетке (президент кабинеті) Трамп жалғасты қала берсе де немесе Жоу Байден кірсе де АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс бұрынғыдай жақын болмас. Байден келіп жатса әрине Трамптан басқаша «сүйкімді саясат» ұстануға тырысар, дегенмен өсіп келе жатқан жаңа держава мен «абсолютты көшбасшы» арасында енді отасудың ауылы алыс. Солай да, Байдан командасында бой көрсеткен, Қытай мәселесі туралы АҚШ-тың стратегтері Бейжіңмен сірә қалай сөйлесуі мүмкін.

Мана айтып өткен Эли Ратнердің тамыз айында берген бір сұхбатын көзіміз шалып қалды. Полсон иниститутына берген пікірінде /дерек көзі – The Wall Street Journal/ ол «жаңа қырғи-қабақ соғысының» болмайтынын айтқан екен. (Кеңес одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ұзақ жылдық теке-тіресті орыстар «холодная война» деді де, сол кездегі қазақ баспасөзі образды түрде «қырғи-қабақ соғыс» деген. Кейіннен орысшадан төте аударып «суық соғыс» дейтін болып жүр. Асылында, сол кездегі екі держава арасындағы жағдай қазақтың «қырғи-қабақ» сөзіне мейлінше жақын). Ратнердің пайымдауынша «Қырғи-қабақ соғысы» дәуірімен қазіргі АҚШ-Қытай шиеленісі арасында көптеген айырмашылықтар бар, соның ең көрнектісі АҚШ пен Қытай тығыз экономикалық диалоктағы елдер. Соған қоса, қазір әлем елдері бұрынғыдай екі держава ортасында қалғысы келмейді, былайша айтқанда өзге елдер біреу үшін екіншісімен мәмілесін бұзып, экономикалық мүддесіне нұқсан келтіруден қашады.

Блинкен де Қытайды Құрама Штаттан толықтай іргесін бөліп тасауға болмайды деп санайды екен. Қыркүйекте өткен конференциялардың бірінде ол осы ойын айта келіп: ««Менің ойымша, кейбір адамдар айтқанындай, Қытайдан толықтай ажырату әрекеті шындыққа жанаспайды және ол ақыры кері әсерін тигізеді», – депті /дерек көз – VOA/.

О`Салливан мен Кэмпеллдің жоғарыда айтқан дипломатия жөніндегі есептеріне сенсек, АҚШ пен Қытай арасында жеңіс пен жеңіліс анық болмайтын бәсеке қалыптасып келеді. Бұндай жағдайда лидерлер тікелей қақтығысқа бастамаса ұзақ жылдар бойы бәселесіп өмір сүретін мемлекеттерге айналады. Олар егер Уашингтон Қытаймен болған бұл жағдайды «қырғи-қабақтық соғыс менталитеті» ретінде қабылдайтын болса, бұл АҚШ-тың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді деген көзқарастарында айтқан. Олардың пікірінше, «Қытайды жақын тарту» саясаты үмітсіздікпен аяқталғаны секілді, онымен тікелей қырғи-қабақтық қарым-қатынаста үмітсіздікке алып келуі мүмкін.

Байден қандай халықаралық саясатты ұстануы мүмкін?

«АҚШ-тың Азиядағы стратегиясында Қытайды оқшаулауға, әлсіретуге де, күшейтуге де ұмтылмауы тиіс. Уашингтон өзінің және одақтастарының күші мен мәмілесіне көбірек көңіл бөлі керек», – деген Эли Ратнер өз есебінде. Томас Донилон болса Трамптың Қытаймен сауда соғысын бастауын дұрыс емес әдіс ретінде көрсете келіп: «Қорғаныс сипатындағы бұндай ашық әрекеттер Қытайдан келген қатерді жеңілдетпейді, керісінше ішкі реттеу арқылы Қытайдың әрекеттеріне жауап беру керек», –  деген екен /дерек көз – Foreign Affairs басылымы/. Бұлардың пікіріндегі ортақтық мынау – олар Қытайдан келетін қатерге қарсы күресте Қытайды өзгертуге ұмтылғаннан көрі АҚШ-тың күшін арттыру керек деп санайды. Мысалы, олар Қытайдың технология саласындағы қысымын шешудің ең жақсы тәсілі – Қытай өнімдеріне тарифтерді көтерудің орнына, америкалық технологияның дамуға инвестицияларды көбейту және талантты иммигранттарды қабылдау деп санайды.

Байден командасындағы ақылшылардың тағы бір ортақ көзқарасы – Трамп дәуіріндегі «Алдымен Америка» ұстанымынан бас тартып, халықаралық байланыстардағы көшбасшылық орнын қалпына келтіру. Бұның қатарында одақтастарымен бұзыла бастаған мәмілелерді жақсарту, түрлі халықаралық ұйымдардағы көшбасшылық орындарын қайтару секілділер кіреді. Америка Құрама Штаттарының халықаралық қауымдастықтағы орынын жоғарлату арқылы Қытаймен болған қатынасты ретке салуға болады деп санайды.

Анығында Құрама Штат бұған дейін өзіне одақтастарды тартып, бір бағытқа қарай ұйымдастыруда көшбасшылық көрсеткен ел. Қытай болсын, Ресей болсын тікелей АҚШ-тан қауіптенбеген күнде де оның одақтастық саясатынан қауіптенеді. Құрама Штаттардың басты күш қайнары да сондай жатыр деуге болады. Егер Уашингтон одақтастары арасындағы бұл орнынан алыстай түссе қазіргідей шырма-шату халықаралық байланыста Қытайға қарсы қуатты күш топтастыруға дәрменсіз қалуы да мүмкін. Байден командасы осы жағын көбірек алға тартқысы келеді. Атап айтқанда ДДСҰ-да болған кемшіліктер үшін одан шығып кетудің орнына ұйымдағы жетекшілікті сақтап, реформалауға күш салу керек дегендей. Технология және зияткерлік меншік мәселесінде өзінің одақтастары арқылы ережелер қалыптастырып, Қытайды сол ережеге бағынатын немесе әлемде АҚШ-тан кейін тұратын орынды таңдауға мәжбүрлеуге болады деп сенеді.

Бұлар Байден билікке келсе Құрама Штаттардың саясатында тағы бір үлкен өзгерістердің болатынын білдірсе керек. АҚШ-Қытай қатынасында аса сезімтал тақырыптар – Тайуан (Тайвань), Гонконг, Оңтүстік қытай теңізі, Шыңжаң және Тибет тақырыбы, адам құқығы мәселесі де аса маңызды. Алайда, Байден командасының бұл мәселелер бойынша Бейжіңмен қалай сөйлесетінін алдағы уақытта дербес қаузап көруге тура келеді.

Америкалық демократияшыл саясаткерлер стратегиялық бәсекелестерімен келісімге келуге ұмтылғыш, бұл тарихтан солай. Олар Қытайдың өсіп келе жатқан қатерлеріне бетпе-бет келуден көрі сырт айналып соққы жұмсағысы келеді. Бірақ, онда да алдынан Қытай шықса бұл кездегі жағдайды суреттеп беру қиын. Бейжіңнің қазіргі амбициялы қадамдары әлемге өз ережесін орнатпай тұрып Байденді қолпаштаған демократтар діттеген мақсатын орындай алар ма екен, бұл жағын алдағы жағдайларды бақылау арқылы ғана тұратқтандыра аламыз.

“The Qazaq Times”