Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы белең алып келеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, авиакатастрофаға қарағанда дәрігер қателігінен қаза тапқандар саны артқан. Тиісті заңда «дәрігердің қателігі» пайымы болмаса да, Қазақстанда «абзал жан» атанған мамандардың салғырттығы жайлы соңғы жаңалықтар жаға ұстатып отыр.

Осы аптада адам ағзасын заңсыз саудалап, операция жасауға байланысты кезекті мәрте шу шықты. Шымкентте полиция қызметкерлері № 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайды «трансплантация бойынша заңсыз жұмыс істеген халықаралық қылмыстық топқа қатысы бар» деген күдікпен изоляторға қамады. Дәрігерге «трансұлттық қылмыстық топқа қатысу» және «адам органдарын заңсыз алу» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Бірінші дәрежелі хирург-дәрігер, трансплантолог Абылай Донбай осы салада 10 жыл қызмет етіп, Мәскеу мен Сеулде жұмыс істеп, тәжірибе алмасқан. 2017 жылдан бастап қазір жұмыс істеп жатқан ауруханада хирургия бойынша бас дәрігердің орынбасары болған. Бұдан бөлек, Донбай Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Бұл – трансплантацияға байланысты соңғы жарты жылда ұсталған екінші дәрігер. Маусымда Украинаның полициясы 20 украиндықтың бүйрек-бауырларын 10-15 мың долларға, қазақстандықтарға оның ішінде дәрігерлерге сатқаны туралы айтқан болатын. Кейіннен шілдеде шымкенттік трансплантолог Ғани Құттымұратов пен қылмыстық топтың мүшесі қырғыз азаматы Тайсалова ұсталды. Дәрігердің уақытша қамау изоляторында (СИЗО) отырғанына жарты жылға жуықтады. Ол күдікті ретінде Қылмыстық ко­декс­тің 116-бабы 3-бөлімі (екі немесе одан да көп адам­ға қатысты адам терісі мен органдарын заңсыз жолмен алу немесе алуға мәжбүрлеу), 264-баптың 2-бөлімі (транс­ұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық ұйым­­ға қатысу) бойынша тергеуге жіберілген.

Ғ.Құттымұратов та жоғары дәрежелі трансплантолог-дәрігер, әрі «Болашақ» стипендиаты. 2012 жылдан бері трансплантация бойынша мыңнан астам операция жасалса, оның 28%-ы Құттымұратовтың қатысуымен өткен. Дәрігердің ісіне қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Біз оны өте білікті дәрігер екенін жақсы білеміз. Кәсіби қасиеттер бойынша оған айтар шағымымыз жоқ. Ал оқиғаның қалай болғанын құқық қорғау органдары тергесін, анықтасын. Олар жақында нәтижелерді баяндайды деген ойдамын», – деп қысқа қайырды. Құттымұратовтың жазықсыз екенін айтып, президенттің, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрлігіне, Бас прокурорға хат жазып, араша сұрап жатқандар да бар.

Негізінен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ко­дексте до­нордың екі түріне рұқ­сат беріл­ген: біріншісі – науқастың туыс­тары не оған қайтарымсыз ­не­гізде ерікті түрде көмек бергісі келген эмо­ционалды донор (досы, көрші­сі не өзге бөгде адамдар), ­екін­шісі – тірі кезінде дене мүше­лерін мұқтаж адамдарға беруге қар­сылық білдір­мегенін жақын­дары растаған өлі донор. Қазіргі уақытта қос дәрігер ісіне қатысты тергеу амалдары донорды қандай жағдайда «сатқанын» анықтап жатыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдан бастап Қазақстан аумағында адам ағзасын сату және заңсыз операция жасау бойынша қылмыстық топ жұмыс істеген. До­норды Өзбекстан, Қырғыз­стан мен Украинадан әкелген. Реципиенттерді Израильден алдыртқан. Ал органдарды ауыстыру бойынша операциялар көбіне шетелдік қалталы азаматтарға жасалған. Олар екі жыл ішінде 50-ден астам заң­сыз ота жасап, 10 млн АҚШ дол­лары көлемінде пайда тапқан. ІІМ ұсынған мәліметтер бойынша, биылғы жылдың өзінде адам саудасына қарсы күрес бойынша 141 қыл­мыстық іс қозғалған: 59-ы адам азғасын саудалауға қатысты.

Қазақстанда трансплантология саласында білікті мамандар санаулы. Донорға мұқтаж науқастар кезегі де артқан. Жоғарыда есімі аталған дәрігерлер сол санаулылардың қатарында еді. Дегенмен, арнайы қылмыстық топқа мүшелік еткен «білікті трансплантологтардың» ісі заң алдында шешім табады деген үміт бар.

«Жасырын өлім»

Адам ағзасын саудалаудан бөлек, дәрігерлер салғырттығынан болған нәрестерелер өлімі де жиілеген. 22 қазанда Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабекова 2018 жылы Қазақстанда 277 бала тірі туса да, оны дәрігерлер өлі туды деп жазған. Бала өлімін жасырған аймақтар қатарында Қызылорда, Жамбыл, Атырау облыстары алдыңғы орында.

Ресми мәліметтер бойынша, 2019 жылғы қаңтар-тамыз айларында жасына толып үлгермеген 2239 сәби (2018 жылғы қаңтар-тамыз – 2117) өлімі тіркелген. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жасқа дейінгі қайтыс болған балалар саны биыл 5,8%-ға өсті. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сайтында жарияланған «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жинағында көрсетілген деректер бойынша, қаңтар-тамыз аралығында туған әр мың балаға шаққанда 8,44 (8,09 – 2018 ж.) өлім-жітім жағдайы тіркелген.

Бұл мәселе жөнінде оқырман Камиша Есмухамбетқызы өзінің Facebook парақшасында: «Медицинамыз кедей, құрдымға кетіп бара жатқандай сезіледі. Дәрігерлердің түрі анау, кейбірі қылмыскер, кейбірі медицина королі. Әр бір жасаған еңбегі, алған марапаты біз үшін міндет. Ақша берсе көңілі көтеріледі, ақша бермесе давлениясы түсіп пациентті өсектейді. Сонда жеті жыл не оқыды? Балық басынан шіриді дегені рас, демек универ мұғалімдері жетік маман емес, кілгей өтірік жиған авторитеттерімен пайдаланып, білімсіз кадрларды жер жаханға таратқандай, күнде өкінішті жағдайды жиі естиміз. Медицина саласында жақсы жаңалық есту арман болды. Кілгей көңілі толмаған, толмайтын дәрігерлер, тіпті министрдің орнынан кетуін талап еткеніне қарағанда, демек медицина былықпен шылыққа толы. Сөйте тұра Биртанов дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тарту тиімді емес, әрі мәселенің шешімі ол емес деп отыр. Егерде жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұл мәселені көтермегенде. Әлде қашан сұрауы жоқ адамдай, баланы тоңатқызшқа салама? Биртанов келгелі не өзгерді? Күнде бір дәрігер қылмыс жасағанын және бір дәрігер қылмысты жасырғанын есітіп жағамызды ұстайтын болдық. Демек, Министр қандай болса, дәрігерлер сондай. Бүйткенше медицинаны ақылы айналдырып, жанымызды шүберекке түйіп отырайық. Басқа амалымыз жоқ!», – деп ашынады.

Қылмысқа жаза

Әлемдік тәжірибеде медицина қызметкерлеріне алдын ала кінә тақпау үшін дәрігердің қатесін «инцидент» немесе «жазатайым оқиға» деп атайды. Ал Қазақстанда «кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» деп аталып, Қылмыстық кодексте де солай белгіленген (317-бап). Яғни заң бойынша дәрігер салғырттығынан болған жарақаттың дәрежесіне қарай жаза тағайындалады. дәрігерлер адам денсаулығына орташа зиян келтірген жағдайда 200 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айыппұл салуға, 80 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмысқа тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. Адам денсаулығына ауыр зиян келтірген жағдайда белгілі бір лауазымды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 1 жылға дейін мерзімге айыра отырып, оған 3000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға және де үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Дәрігер қателігіне байланысты қарастырылатын жазалардың әлемдік тәжірибесіне зер салайық. Ежелгі Римде науқас денсаулығына салғырт қараған дәрігердің қолын шапса, батыс елдерінде халық алдында дарға асатын болған. Кешегіден бүгінге оралсақ, «дәрігер қателігі» деген ұғымның өзіне жапон халқы «адамгершіліктен безген» деп қарайды. Жапония билігі қызмет кезінде қателігі анықталған дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тартады. Абақтыға жаппаса да, БАҚ өкілдерінің назарын аударып, қате жіберген дәрігерді барынша масқара етуге тырысады. Осылайша, дәрігердің кәсіптік қызметіне мәңгілікке нүкте қойылады.

Ресми мәліметтер бойынша Құрама Штаттарында бір жылда 250 мыңнан аса өлім «дәрігер қателігінен» болады. Медицина қызметкері ісіне шала қараудың салдарынан болған адам өлімі тіркелген жағдайда жарақат деңгейіне қарай дәрігер белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырылады. Дегенмен, АҚШ пен Ұлыбританияда «жеткілікті түрде медициналық көмек көрсетілмеген» деген арнайы бап жоқ.

Ресейде өз қызметіне салғырттық танытқан дәрігерге 3 түрлі жаза тағайындалған:

– азаматтық-құқықтық жаза – өтемақы және жәрдемақы төлеу;

–  тәртіптік жаза – сөгіс жариялау, жұмыстан босату, жұмыс беруші тарапынан берілетін қосымша табыстан айыру;

– қылмыстық жаза – қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Түйін

Күн тәртібіне айналған мәселенің бір жағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық салдарынан десек, қателеспейміз. Медицина қызметкерлері салғырттығына қатысты жіті тексеру мен статистиканың жүргізілмейтіні тағы бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәрігер қателігінен орын алған жағдайлардың ішінде бізге беймәлімдерінің қаншама екенін ойласақ, «дәрігерге күнің түспесін» деп тілеуге тура келеді. Яғни адам ғұмырын «ойыншық» еткендер өз қызметіне адал мамандардың еңбегін де еш кетіріп отыр. Сөз соңында, ақ халатты абзал жандар адамгершілік ұғымы мен «Гиппократ» алдындағы антын ұмытпаса екен дейміз.

"The Qazaq Times"