10 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун әлем көз тіккен Трамп-Ким келіссөзін өткізу үшін Сингапурға жетіп, сол елдің үкімет басшыларымен жеке-жеке кездесті. Екі елдің басшысы да Сингапур тарабының қонақжайлығына оң бағасын берді. Бұл туралы CNN, BBC және VOA қатарлы әлемдік ықпалды ақпарат көздері хабарлады. 

Жексенбі күні Трамп отырған АҚШ Әуе күштерінің №1 ұшағы Сингапур әуежайына қонды. Сингапурдың СІМ басшысы Трампты әуежайдан қарсы алды. Алғашқы кездесулерде журналистердің «Бұл реткі кездесу сәтті бола ма?», «Көңіл күйіңіз қалай?» деген сауалдарына Трамп «Өте жақсы» деген бір ауыз сөзбен жауап қайтарды. Дегенмен, Сингапур сапарынан бұрын Трамп бұл кездесуді «Болжаусыз кеңістікке кіру» деп бағалаған еді.

Солтүстік Корея басшысы жексенбі күні түстен кейін Сингапурға жетті. Ким Жоң Ун да келіссөздің нәтижелі болатынына сенім білдірді. Сингапурдың премьер-министрі Ким Жоң Унмен кездесу өткізді және Трамп-Ким саммиті үшін Сингапур тарабы 20 млн АҚШ доллары қаржы бөлгенін мәлімдеді. Оның айтуынша бұл халықаралық тұрақтылық пен сенім үшін Сингапурдың білдірген «азғантай көңілі» екен.

Ал бүгін, 11 маусым АҚШ пен Солтүстік Корея лауазымдылары Сингапурдағы алғашқы келіссөздерді бастап кетті. Олар екі ел басшыларының бір күннен кейін өтетін келіссөздері үшін, тараптардың арасындағы пікір айырмашылығын азайту мақсатында соңғы күш жігерін салды. Дегенмен, тараптардың келіссөз өкілдері бүгінгі кездесу туралы журналистерге мәлімет бермеген.

Ал, Солтүстік Корея тарабы ресми ақпарат агенттігі кезекті кездесуден кейін «Жаңа дәуір басталады» деген хабар таратты.

АҚШ-тың Сингапурға барған үкімет лауазымдыларының бірі, Солтүстік Кореяның ядролық қаруларды дамытудағы ұзақ тарихының бар екенін ескере отырып, АҚШ тарабы бұл кездесуге оптимистік көзқарасты ұстанып отырғанын, келіссөздің сәтті болатынына сенім білдіре алмайтынын айтқан.

“The Qazaq Times”