Қалалық мәслихат депутаттары Алатау және Бостандық аудандарындағы 164 көшенің атауын өзгерту туралы шешімді қарастырып жатыр. Бұл туралы арнайы комиссияның кезекті жиынында айтылды.

Тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбеттің сөзінше, қаладағы көше атаулары бірнеше рет қайталанғандықтан, оларды өзгерту туралы ұсыныс келіп түскен екен. Мәселен, Алатау ауданындағы ірілі-ұсақты 118 көшенің аты бірнеше рет қайталанғаны анықталған. Сондай-ақ, Бостандық ауданында орналасқан бірнеше көшеге де жаңа атау беру туралы ұсыныс айтылған екен. Мәслихат нақты шешім қабылдар болса, онда "Алатау" ықшам ауданындағы бір көшеге танымал әнші Батырхан Шүкеновтың есімі берілуі мүмкін. "Алғабас" ықшам ауданындағы шағын көше де болашақта ақын Фариза Оңғарсынованың есімімен аталуы ықтимал.

        “The Qazaq Times”