"Қазақстан Халық банкі" АҚ және "Қазкоммерцбанк" АҚ банкоматтық желілерді біріктіру жұмысын бастады. Енді 10 шілдеден бастап Halyk және Qazkom карталарын ұстаушылар үшін банкоматтан қолма-қол ақша алу кезінде қосымша комиссиялардың алынуы тоқтатылады. Бұл туралы Халық банктің баспасөз қызметі хабарлайды. 

2017 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша, Халық банкінің банкоматтар желісі 2367 бірлікті құрайды, оның ішінде 559 банкоматтың cash-in функциясы бар, ал Қазкоммерцбанктің банкоматтар желісінің саны - 2292, олардың 465-інде қолма-қол ақша қабылдау функциясы жабдықталған.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Халық банк қазіргі кезде 6 млн карта ұстаушыға қызмет көрсетеді, ал Қазкоммерцбанкте – 2 млн астам. Қазақстанның экономикалық белсенді азаматтарының көпшілігі екі банктің біріктірген банкоматтар желісінің артықшылықтарын пайдалана алады.

Қолма-қолсыз төлемдер нарығы белсенді түрде дамып жатқандығына қарамастан, қаражатты банкомат арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру Қазақстандағы ең танымал банктік операциялардың бірі. Ресми статистика бойынша, тек 2017 жылғы сәуір айында ғана  қазақстандықтар 683,2 млрд теңгеге осы сынды 17,6 млн транзакцияны жүргізген.

 “The Qazaq Times”