АҚШ Орталық барлау басқармасының бастығы Оңтүстік Кореядағы үш күндік сапарын аяқтады. АҚШ Оңтүстік Кореяға зымыранға қарсы жүйені орнату ісінің жеделдетілгенін мәлімдеді. Солтүстік Корея бір күн бұрын АҚШ-тың екі шабуылшы ұшағы мен дыбыстан жылдам ұшатын бомбалаушы ұшағының Корей түбегі кеңістігінде ұшып өткеніне қарата ескерту жасады.

Солтүстік Корея Орталық ақпараттық агенттігі АҚШ ұшақтарының Корей түбегі кеңістігінде ұшып өткенін айыптаған хабар таратты. Онда: «АҚШ бомбылаушы ұшақтарының Корей түбегі кеңістігінде ұшып өтуі, Трамп бастаған америкалық соғыс құмарлардың Солтүстік Кореяның ядролық қару қуатын көре алмаушылығы», – делінді.

АҚШ-тың «абайсызда» жасаған әскери қадамы Корей түбегі соғыс қаупінің тиегін ағыта жаздады. Солтүстік Корея қарулы күштері шұғыл АҚШ әскери күштерінің қимыл-қозғалысын аңдуға өтті. Тіпті ядролық қару қолданудың орайын да бағып отыр деуге болады. Солтүстік Корея БАҚ-ы АҚШ-тың мұндай қадамдарына ескертулерін жиілете бастады.

“The Qazaq Times”