Адам ағзасының 80 пайызы судан тұратыны туралы деректі барлығы біледі. Бірақ суды көп не аз мөлшерде пайдаланбас үшін, оның ғалымдар белгілеген күнделікті нормасы жөнінде екінің бірі хабардар деп айта алмаймыз. СNN Health жариялаған судың адам денсаулығына пайдасы туралы мақаласы біздің назарымызды аударған еді.

Суды жиі қолдану ағзадағы калорияны реттеп, артық салмақ жинаудан сақтандырады. Өйткені кейде қарныңыз ашқанын сезе қалсаңыз, бірден тамақтануға асықпай, жай ғана су ішіп көріңіз. Адам ағзасы суды қажет еткен кезде, аштық сезімінің әсері байқалуы мүмкін.

Медицинаның Ұлттық Академиясы ер адамдарға күніне 3.7 л (15,6 шыны), әйел адамдарға 2.7 л (11,4 шыны) су ішуге кеңес береді. Су адам миының жұмысын жақсартып, көңіл-күйін көтереді, еңбек өнімділігін арттырады.

Күнделікті суды жеткілікті дәрежеде қолдану қан айналымын жақсартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Ағзадағы артық инфекция мен зиянды токсиндердің шығуына әсер етеді. Судың өзін ішуді аса ұнатпайтын адамдар, құрамында суы мол жемістер мен көкөністерді жиі пайдаланса болады. Мәселен, қияр, қырыққабат, сәбіз, алма, т.б.

Суды жоғарыда көрсетілген қалыпты мөлшерден артық қолданудың да зияны бар. "Су интоксикациясы" деп аталатын процесс кезінде ағза артық судан арыла алмай, денедегі тұз мөлшері күрт төмендеп кетеді.

Ғалымдар әр тамақтанған сайын және жұмыс арасында су ішіп отыруға кеңес береді. Сондықтан өзіңізбен бірге әрдайым бөтелкеде тазартылған су алып жүруді ұмытпаңыз.

“The Qazaq Times”