Мароккода қуатты жер сілкінісі болып, 820 адам қаза болды, 672 адам жарақаттанды. Бұл жөнінде Al Jazeera жазды.
АҚШ геология қызметінің мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы – 6,8, одан кейін магнитудасы 4,9 болған афтершок болған.
"Бұл осы аймақта тіркелген ең қуатты жер сілкінісі" деді марокколық сейсмолог Лахсен Мханни. Оның айтуынша, таулы аудандарда мұндай зілзала сирек кездеседі.
Жер сілкінісінің ошағы халық тығыз шоғырланған Марракештен 70 шақырым жерде – танымал Укаймеден тау-шаңғы демалыс орнына жақын орналасқан. Марокко тұрғындарының әлеуметтік желіде жариялаған видеоларына қарағанда зілзаладан Марракештің ескі бөлігіндегі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларына енген танымал қызыл қабырғалар бұзылған.
Жер сілкінісінің зардабы анықталып жатыр.