Башар Асад режимі бұл жолы әдеттегіден де ерсілеу қадам жасады. Халықаралық ақпарат құралдары Шығыс Гутада Асадты мадақтаушыларға ғана азық-түлік пен су таратылғаны туралы хабарлауда.

Онсыз да бірнеше айдан бері халқы зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан Шығыс Гутадағы қолға өткен аймақтарда Асадты мақтап-мадақтағандарға ғана азық-түлік пен ішер су таратылып жатқандығына қатысты ғаламтор бетінде бейне-көріністер пайда болды. Бұл туралы "yeniakit.com " өз сайтында жариялады.

Асад режиміне жақтас сүриялық депутат Мұхаммед Канбад та төбе көрсеткен бейнежазбада тұрғындарға азық-түлік пен су таратылып жатқандығы байқалады. Аталған бейнекөрініске оның: "Асад үшін қол шапаттап, ұрандатпағандарға су да жоқ, тамақ та жоқ"  деп тұрған сәті жазылып қалған. Сол бейнекөріністе өзек жалғар ештеңе таппаған Шығыс Гута халқының еріксіз: "Қанымыз да, жанымыз да саған құрбан, Асад!", "Басшымыз — Асад!" деген мәндегі ұрандар тастап, Асадтың атын ұрандатып қана ас-суға қол жеткізгендері анық байқалады.

Кейіннен, жергілікті телеарнада сөз алған Канбад өзінің бұл қылығына қатысты: "Халық пен әскер онсыз да Асад үшін ұрандатып жатқан-ды" , - деп ақталды.

“The Qazaq Times”