Қазақстан әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту үшін Еуроодаққа «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Брюссель қаласында өткен «Қазақстан-Еуроодақ» кеңесінің отырысында Еуроодақ өкілдеріне Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту үшін «жол картасын» әзірлеуді ұсынған. СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Еуропарламент пен Еуроодаққа мүше елдердің басым көпшілігі 2015 жылы Қазақстанмен 29 сала бойынша әріптестік орнатуға байланысты  қол қойылған құжатты ратификациялаған.

Бұдан бөлек Қайрат Әбдірахманов жиын барысында виза мәселесінде тілге тиек еткен. Ол Еуроодақ өкілдеріне сауда-экономикалық байланыстарды нығайту азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз етумен тығыз байланысты екендігін айтып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді бастауды ұсынған.

Еуроодақ - Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріптесі. 2017 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымының көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 25% артып, шамамен 30 млрд долларды құраған.

“The Qazaq Times”