2014 жылы маусым айында өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған террорлық ұйым «Халифат» құрғанын жариялады. Сол кезде Абу Бакр әл-Бағдати осы топтың лидері ретінде алғаш жұрт көзіне түсті. Алайда, үш жыл өткеннен кейін, Сүрия мен Ирактағы аталған топтың негізгі орталықтары Ракка мен Мосул қаласы азат етілді. Олар басып алған аймақтарда терроризмге қарсы күштер үздіксіз жеңіске жетіп, террорлық ұйым жеңіліске ұшырады. Осындай жағдайда өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған лаңкестердің күні толықтай батты деуге бола ма?

«ИМ» күштерінің Ирак пен Сүриядағы жеңілістеріне қарап, олардың күні батты деп қуануға ерте. Себебі, бұл туралы талдау жасаған АҚШ және Еуропа сарапшыларының бәрі дерлік олардың соңғы бір жылдағы әлемдік бағыт алған әрекеттерін алға тартады. «ИМ» күштері Ирак пен Сүрия жерінде партизандық соғыс жүргізумен бірге алдағы ықпал көлемін әлемнің жер жеріне кеңейткенін байқаймыз. Бірнеше айға созылған Мосул соғысы кезінде «ИМ» күштері өзінің тактикасын өзгертіп әрекет жасауға қабілетті екенін танытты. Сонымен бірге, табанды қарсылық көрсете алатынын да байқатты.

Аталған ұйым, Ирак пен Сүриядағы соғыстарда жеңіліске ұшырағанымен осы қақтығыстарда олар көптеген тәжірибе жинағаны да анық. Сонымен бірге жақтастарын әлемнің жер-жеріне таратып, қалаған елінде теракт ұйымдастыра алатынын дәлелдеді. Бұның өзі «ИМ» террорлық тобымен күресудің қиындығын айғақтайды. Ирак пен Сүрия жеріндегі аталған ұйымның жеңілісі жер-жерден келген жиһатшылардың енді еліне қайтып, терроризмнің кең таралуына ықпал етіп отырғаны тағы бар.

2014 жылы маусымда әл-Бағдати Мосул қаласында «Ислам мемлекет» деп аталатын халифат құрылғанын жариялап, бірнеше аптаның ішінде Ирак пен Сүриядан көлемі Британия аралына тең келетін аумақты тартып алды. Осыдан кейін АҚШ бастаған халықаралық терроризмге қарсы коалиция аталған топқа қарсы күресті бастады. Дәл қазір «ИМ» толық жеңілсе де, енді не болмақ деген сұрақ бұрынғыдай қала берді?

Батыстық сарапшылардың пікіріне сенер болсақ, олар Ирак пен Сүрия жерінде белгілі бір территорияны иелеп қалуды мақсат етпеген. Тек әлемнің әр түкпіріндегі жиһадшыларды партизандық соғысқа шақырған. Олай дейтініміз «ИМ» террорлық тобының маусым айында таратқан аудио мәліметтерінде «халифаттың» күні батты дегенді жоққа шығарды әрі «негізгі бекінген аймақтарынан айырылу жеңілісті түсіндіріп бере алмайды» деген сөздерді алға тартады. Одан сырт бүкіл әлемде мақсатына жетуге тырысады. Белгілі болғандай олар Филиппинде, Оңтүстік Шығыс Азия жерінде, Солтүстік Африкада мақсаттарына жетуге тырысты. Олардың басты нысаналарының екінші легінде Орталық Азия елдері де тұрғаны анық. Бұл қадамдарынан олардың келесі соғысты өзінің басты қарсыластарының жерінде жүргізуге тырысатынын байқау қиын емес. Айталық, енді «ИМ» күштері АҚШ, Ұлыбритания, Германия қатарлы елдерде белең алуы да мүмкін.

«ИМ» күштері туралы мәліметтерге жүгінсек, әлемнің 100-ге жуық елінен 40 мыңнан аса жиһадшы аталған топқа тартылған. Топ талқандалғаннан кейінгі олардың жағдай қалай болатыны да, қазір әлем елдерінің алаңдаушылығын тудырып отыр. Олардың ендігі қадамы туралы көптеген болжамдар айтылады. Соның бірі «The New York Times» басылымы сарапшыларының айтуынша, олар дерлік өз елдеріне тарап кетпеуі мүмкін, күш топтап келесі бір орында соғыс тудыруға тырысады дегенді айтады.

«ИМ» күштері туралы зерттеулер жасаған, «бин Ладеннің өлімінен «ИМ» ұйымы жаралғанға дейін» атты кітаптың авторы Али Суфанның болжауына қарағанда, «ИМ» талқандалғаннан кейін құрамындағы содырлар Оңтүстік Шығыс Азиядағы, Солтүстік Африкадағы және Кавказдағы жиһадшыларға қосылуы мүмкін екен. Лондондағы Біріккен корольдік институттың Қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі жетекшісі Карин Фон Хиппер өзінің BBC-ге берген сұхбатында жоғарыдағы болжамға келіседі. Ол сөзінде: «Ирак пен Сүриядағы «ИМ» күштерінің талқандалуы оларды толықтай жойылды деген сөз емес. Менің ойымша, жиһадшылар бір мезгіл жасырынып қалады да қайсы елдің билігінде тұрақсыздық болса, сол жерде пайда болып, мақсатын жүзеге асыруға тырысады», – деген ойын айтады.

«ИМ» күштері талқандалған Ирак пен Сүрия жерінде де толықтай тыныштық орнай қойған жоқ. Топтың қалдықтары әлі де жергілікті халық пен билікке қатер төндіріп отыр. Али Суфанның көрсеткен мәліметіне негізделгенде мұндай қалдық күштер Ливанның шығыс бөлегінде шоғырлы түрде топтасқан. Аталған маңда лаңкестік топтың бірнеше мың мүшесі топтасқан. Сарапшылардың пікірінше АҚШ пен оның одақтастары Ирак пен Сүриядағы соғыста жеңіске жеткенімен, осы аймақтағы және дүниенің жер-жерінде террористерді толық тазартуға қауқарсыз болмақ.

АҚШ-тың бұл күресте әскер санымен олардың қуатын жыл сайын арттырып келе жатқаны шын. Дегенмен, Ирак жерінде болсын, Ауғанстанда болсын 20 жылға жақындаған ұрыста Құрама Штаттың толыққанды жеңісін көре алғамыз жоқ. Мәскеу болса Сүриядағы соғыста Башар Асадқа қарсы барлық күштерді террорлық топ ретінде соққылады. Алда, Ресейдің өзіне де төнетін қауіптер бәрінен салмақты болмақ. Әсіресе, Кавказ өңіріне жиһадшылар топталса бұл Ресейдің тыныштығына ең үлкен қатер.

Осылардан алып қарағанда, Ирак пен Сүриядағы «ИМ»-ге қарсы соғыс, террористік күштердің жаңа дәуірін ашты. Бұл бейне илеуін талқандағаннан кейін айналаға бытырай тараған құмырсқалар секілді, көптеген елді терроризмге қарсы күресті күшейтуге итермелеп отыр. Олар енді әлемге кең таралып, кез-келген елдегі биліктің әлсіздігінен пайдаланып, мақсаттарын жүзеге асыруға тырысады. Орталық Азия елдері Орта-Шығысқа жақын аймақ болғандықтан бізге де көлеңкесі түспей қалады деп айту қиын. Жаңа сын қатер алдында ел бірлігі сынға түссе, билікке де үлкен сын. Себебі, жаңа қатер ендігі жерде халықпен санаспайтын биліктің қандай да бір қателігін кешірмейді.

“The Qazaq Times”