Ресей Президенті Владимир Путин Түркия басшысы Реджеп Тайып Ердоған және Иранның көшбасшысы Хасан Роуханимен кездесіп, Сүрия мәселесін талқылады. Алты жалға созылған соғысты тоқтату мақсатында осы тақырыпта Конгресс өтеді деп келісілді. Кездесуге қатысқан мемлекеттер Сүрия Үкіметі мен Оппозициясын конструктивті диалогқа келуге шақырды. Сочи қаласында өтеді деп күтіліп отырған Конгресстің нақты уақыты жарияланған жоқ. 

Дәл осы уақытта Сауд Арабиясында Сүриядағы оппозиция басшыларының кездесуі өтті. Женева келіссөздерінің алдында бір мәмілеге келіп алу мақсатында ұйымдастырылған бас қосуға Сүриядағы бірқатар белгілі топтардың басшылары қатысты.

Ресей Президенті журналистерге берген сұхбаты барысында, Сүриядағы "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы соғыстың нәтижелі аяқталып келе жатқанын айтты. Ол енді терроршылардың қолынан жақын уақытта толықтай азат болатын Сүрияға жаңа Конституция қабылдап, БҰҰ-ның бақылауымен демократиялық құндылықтар толық сақталатын әділ сайлау өткізу керектігін жеткізді. Бұл үшін билікке таласып отырған барлық тараптар бейбіт келіссөздерге келіп, сайлаудың өтуіне мүдделі болуы керек.

“The Qazaq Times”