Венесуэлада  өткен түні  оппозиция жетекшілері Леопольдо Лопес пен Антонио Ледесманы мемлекеттік барлау қызметінің көлігінде келген бетін бүркемелеп алған адамдар белгісіз бағытта алып кеткен. Бұл туралы қолға түскен оппозиционерлердің отбасы мүшелері өздерінің твиттер парақшаларына жариялаған бейнежазбаларында мәлімдеді. CNN ақпараттық агенттігінің журналистері оқиғаға талдау жасап, екі азаматтың неге айыпты болғанын анықтауға тырысты. 

Өткен жексенбіде Венесуэлада халық пен билік арасындағы қарсылыққа негіз болған сайлау өтті. 10-ға жуық адамның өмірін қиған қақтығыстарға қарамастан, Ұлттық Ассамблеяның орнына ел президенті Николас Мадуроның жақтастарынан құралған, 545 адамнан тұратын Құрылтай жиналысы сайланды. Оның міндеті - Венесуэланың Конституциясына өзгерістер енгізу. Одан бөлек, Николас Мадуроның саяси қарсыластарын қудалайтын "ақиқат орнатушы комиссия" жұмысын бастайды. Бұл жаңашылдықтарға қарсылық танытқан халық сайлауды болдырмау үшін, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап күресіп келеді. Толассыз жүрген көтерілістер нәтижесінде осы уақытқа дейін 125-ке жуық адам көз жұмған. Жуырда өткен сайлаудың қорытындыларына күмән келтіріп, оны "жалған" деп есептейтін Венесуэланың бас прокуроры Николас Мадуро жариялаған "Жеңіс декларациясына": "Бұл - сөз бостандығының аяқталуы" деген пікір білдірді.

Оппозиция жетекшілерінің әйелдері олардың өмірі мен денсаулығына нендей бір зардап келсе, кінәсі  Үкіметтің мойнында болады деп, азаматтарының мемлекет басшысына қарсы әрекеті үшін ұсталғандарына сенімді.

Леополь Лопес Венесуэланың бірінші президенті Кристобаль Мендосаның ұрпағы. Билік басындағы социалистерге қарсылығы үшін, 2008 жылы "жемқорлық жасады" деген айыппен қызметінен босаған. 2011 жылы Халықаралық адам құқықтары жөніндегі сот оны ақтағанымен, Венесуэладағы тағылған айыптан арыла алмады. 2014 жылы билікке қарсы шеру кезінде қаза тапқан 3 адамның өліміне кінәлі деп табылып, 2015 жылы 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Осы жылдың шілде айынан бастап, жазасы үй қамағына ауырыстырылған болатын. Осыдан екі апта бұрын түсірген бейнежазбасында ол жергілікті халықты мемлекетке қарсы күресін тоқтатпауға шақырады.

Өзінің оппозициялық жолын 2008 жылдары бастаған Антонио Ледесма көп уақыт бойы Каракастың майоры қызметін атқарған. Елдің есінде оның бұрынғы президент Уго Чавестің саясатына қарсы аштық жариялаған акциясы жақсы сақталған.

АҚШ демократиялық принциптерге қайшы әрекет еткені үшін, Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы санкциялар жариялап, оның Америка құзыретіне кіретін активтерін толықтай шектеп тастады.

“The Qazaq Times”