Кенияда ағымдағы жылдың 8 тамызында  президенттік сайлау өтеді. Қазір елдегі тұтыну тауарлары жарнамасының орнын президенттік сайлау кандидаттарының есімі жазылған үгіт-насихат парақшалары алмастырған. Сайлауға түсетін кандидаттың әрқайсысы электронды тіркеуден өткен 19 млн азаматтардың дауысына ие болғысы келеді.

Биылғы сайлау 45 миллион халқы бар мемлекет 1992 жылы демократиялық жүйеге өткелі 8-ші рет өткелі отыр. Халықаралық сарапшылар алдағы сайлаудың нәтижесі кениялықтардан бөлек, бүкіл Африка құрлығы мен әлемді толғандырып отыр деп есептейді. Себебі...

"Экономикалық хаб"

Бүкіләлемдік Банктің дерегіне сәйкес, Найроби - Шығыс Африканың экономикалық хабы саналады, ал Кения өңірдегі екінші ең ірі экономикаға ие мемлекет. 2014 жылы көршілес Эфиопияда ерекше экономикалық өсім орын алғанға дейін, Кения Шығыс Африкадағы жылына 60 млрд долларды құрайтын көлемді ЖІӨ-ге ие болды. Найроби университетінің экономисті Самуэль Ниядемо: "Кения өзінің көршілерімен салыстырғанда, шетелдік инвесторларды құшақ жая қарсы алды. Көп жылдар бойы бұл мемлекет экономикасы жедел қарқынмен өсіп отырған ел болды",  - дейді.

Халықаралық қылмыстық сот

Кенияда өтетін президенттік сайлау Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот пен Еуропа құрлығы халқының жіті назарында болады. Себебі 2007 жылы өткен президенттік сайлауда сол кездегі  мемлекет басшысы Мваи Киваки қайта жеңіске жетіп, жеңіліс тапқан Раил Одинг бастаған оппозиция тарапы билікке қарсы шерулер ұйымдастырған болатын. Саяси дағдарыстың соңы кикуйю және каленьи тайпалары арасындағы ұлтаралық қақтығысқа ұласып, 1300-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан. 2014 жылы қазіргі Президент Ухуру Кениата мен оның премьер-министрі Уильям Руто 2007 жылғы қақтығыстарды ұйымдастырды деген айыппен Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа тартылды. Сол кезде сайлауда орын алған әділетсіздіктер қайталанбас үшін және халық арасындағы бейбітшіліктің бұзылмауы үшін әлемдік қауымдастық бұл саяси оқиғаны асыға күтіп, ерекше бақылауда ұстайтын болады.

Гуманитарлық ұйымдар

Кенияда бірнеше Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Сомали мемлекеттерінде жұмыс істейтін халықаралық қайырымдылық қорлары  және босқындарға арналған ірі лагерьлер орналасқан. Мұндағы бір ғана Какума лагерінде 160 мыңға жуық босқын бар. Егер сайлаудан соң, ел ішінде қақтығыстар басталып кетсе, бұл өз еліндегі соғыстардан қашып келген босқындарға ауыр соққы болады. Онан бөлек,  гуманитарлық көмекті қажет ететін көршілес елдердің азық-түлік қоры Найробиде орналасқандықтан, оларға жеткізілетін көмектің  кешікпеуі де Кенияның тыныштығына байланысты.

“The Qazaq Times”