Мәскеу мен Уашингтонның тағатсыздана күткен күні келді. Бүгін Гамбургте өтетін  G20 саммиті аясында АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресей Президенті Владимир Путинмен кездеседі.

Екіжақты келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы ұзақ талқылаулардан соң, АҚШ Президентінің қызметіне кіріскелі ондаған елдің басшысымен сұхбат құрып үлгерген Дональд Трамп Ресей Президентімен араға жарты жыл салып, алғаш рет жеке кездескелі отыр.

Мәскеу мен Уашингтонда екі ел арасындағы осындай салқын қарым-қатынас «қырғи-қабақ соғыс» кезінен бері алғаш рет орнап отыр деп есептейді. Сондықтан бұл кездесуден екі елдің де күтері көп.

Кездесу барысында Ресейдің АҚШ-тағы дипломатиялық иеліктеріне салынған санкциялар жөнінде мәселе көтерілуі мүмкін. Өткен жылдың желтоқсан айында Барак Обаманың әкімшілігі Ресейдің Нью-Йорктегі тұрақты өкілдігінің екі тұрғын үй кешенін жауып тастаған болатын. Экс-президент бұл шешімін Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға әсер етуге астыртын әрекет ұйымдастырғаны және  Мәскеудегі американдық дипломаттарға көрсетіп отырған қысымына жауап деп түсіндірген еді. Ресейдің ел президенті сайлауына араласты деген айыптауына нақты дәлелдер келтірілген жоқ. Ал Ресей қарсы санкциялар енгізбестен, жаңа Президенттің жауабын күтті. Дегенмен қызметіне кіріскеніне жарты жылға жуық уақыт болса да, Дональд Трамп Ресейдің дипломатиялық иеліктері туралы жақ ашпады. Бүгін АҚШ Президентінің осы мәселеге қатысты ойы белгілі болады.

Кездесудің қандай форматта өтетіндігі әлі белгісіз, бірақ бұл толыққанды ұзақ сұхбат емес, шағын әрі уақыт жөнінен шектелген әңгіме болады деп күтілуде. Жалпы, соңғы кездері Ресей мен АҚШ арасындағы кездесулердің легі осындай. Мәселен, 2015 жылы Антальяда өткен G20 отырысында екі ел президенттері 20 минутқа созылған әңгіме құрса, 2016 жылы Перуде өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық әріптестігінің саммитінде Барак Обама мен Владимир Путин бірер минутқа дәліз бойында сөз алмасқан.

“The Qazaq Times”