«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қазақстандағы ірі ұңғыма құрылысы мен жөндеу, мұнай өңдеу, өндіру және жинауға арналған жабдық, сондай-ақ жылу энергетикалық жабдық өндіруші «АтырауМұнайМаш» ЖШС-ның инвестициялық жобасын іске асыру үшін несие береді. Жобаның жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде «АтырауМұнайМаш» өндірістік қуаттылықтары 2,5 есеге  - машина жасау өнімдері жылына 20 000 тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұдан өзге, ANSI, API, ASME халықаралық стандарттары бойынша мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия кәсіпорындарына арналған өнімдердің жаңа атауларын шығару жоспарланған.

Жоба ыстық мырыштау, грейтинг цехтарының, сондай-ақ зауыттың қосалқы цехының құрылысын аяқтаудан тұрады. Жоғары технологиялы итальяндық, германиялық, америкалық жабдықтармен жабдықталған жаңа өндірістік цехтарды 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңа өндірістік  желі құрылысы 2013 жылы «АтырауМұнайМаш» аса габаридті бұйымдарды өндіру кешенін пайдалануға беруден бастаған инвестициялық жобаның екінші кезеңі болмақ.

«АтырауМұнайМаш» бас директоры Александр Донсковтың сөзінше, жиналған құзыреттіліктер мен аса ауыр жүктерді тасымалдау бойынша тәжірибені ескергенде «АтырауМұнайМаш» бүгінде Каспий маңы өңіріндегі мұнай кәсіпшілігі  жабдықтарының жалғыз жеткізушісі. Зауыттың жаңа қуаттылықтарында мырыштау және газ-плазмалық кесу технологияларын қолдана отырып, қалың бүйірлі және модульдік жабдықтар өндіру жүзеге асырылады.

«АтырауМұнайМаш» қазіргі уақытта Қазақстандағы ірі мұнай өндіретін және мұнай өңдейтін жобаларға, атап айтқанда Теңіз және Қарашығанақ кен орындарына, Павлодар, Атырау және Шымкент МӨЗ-дерін жаңғыртуға арналған жабдықтарды жеткізеді.

Хабарламада айтылғандай, 2017 жылы компания 4 700  тоннаға дейін машина жасау өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр, бұл 2016 жылмен салыстырғанда  60%-ға артық. Кәсіпорынның штаты қазіргі таңда 275 адамды құрайды, жаңа қуаттылықтарды пайдалануға бергеннен кейін 170 жаңа жұмыс орны ашылады.

“The Qazaq Times”